Хабар телеарнасы

Қостанай облысының шаруаларын мазалаған мәселе көп

Қостанай облысында 4 миллион 300 мың гектар дәнді дақыл алқабының 98% жиналды. Алғашқы болып науқанды оңтүстік аудандар аяқтады. Бидай түсімі орташа көрсеткіштен жоғары. Алайда астықтың қазіргі құны шаруалардың көңілінен шықпай отыр. Кейбіреуі әлі күнге тиесілі субсидиясын ала алмай жүр. 

Таңатар Ахметов биыл 1500 гектарға бидай еккен. «Бастапқыда шығымы көз қуантып, кемі гектарынан 20 центнерден өнім алармын деген үміт болған. Алайда киік таптап, шегіртке қаптап, ауру жайлап өнімділікті 12 центнерге дейін түсіріп жіберді»,– дейді шаруа.

Таңатар Ахметов, шаруа:

-Енді киікке бір 2 центнерді берейік, шегірткеге бір 2-3 центнер. Аурудың салдарынан өнімділік жаңағы 30-40% дейін түсіп кетті. Бидай жеңіл. Енді бесінші класспен өтіп жатыр бидай. Мың тоннадай 3 класс.

Амангелді ауданы бойыншы көктемде 176 мың гектарға дәнді дақылдар егілді. Орташа түсім гектарынан 9 центнерден келіп отыр. Жергілікті табиғи жағдайды ескерсек, бұл жаман нәтиже емес. Алайда көбі сапа жағынан ұрынып қалды. Алынған астықтың 60% үшінші сұрыпқа жатқызылған. Қалғаны ұн тартуға жарамсыз. Қарызды қайтарар күн тақаған сайын диқандардың көңілі алаң.

Арман Саржанов, Амангелді ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Көктемгі дала жұмыстарына жаңағы Продкорпорация арқылы азықты сатып алу, форвардтты сатып алу программасы болды. Біздің аудан шаруа қожалықтары шамамен 1 миллиард 100 миллион тенге қаражат алды. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша да шаруа қожалықтары 200 миллион тенге қаражат алды.

Тағы бір мазалайтын жәйт: шаруалар алған техникалары мен тыңайтқыш, химикаттарына тиесілі субсидияға да қол жеткізе алмай отыр.

Таңатар Ахметов, шаруа:

-Біз комбайн алдық, былтыр жаңадан 20 миллион 400 мың алу керек, одан кейін химияға 3,5 миллиондай субсидия алу керек. Бізде 23-24 миллиондай ақша текке тұр ғой. Негізі сол субсидияға үміт артқанбыз. Бірақ болмай қалып тұр ғой. Екінші жылға кетті.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына соңғы екі жылда субсидияға 25 мың 500 өтініш түскен. Осы күнге дейін соның жартысына ғана төленген.

Ғазиз Ахметчин, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Субсидиялаудың алты бағыты бойынша шамамен 46 миллиард теңге берешегіміз бар. Биылғы бюджет қиын жағдайда жасақталды. Бірнеше рет қайта қаралды, түзетілді. Сондықтан осындай қомақты қарыз құралып отыр. Бюджетке қалай ақша түседі, сол сәттен субсидия төлей бастаймыз.

Астық бағасына келсек, азық-түлік келісімшарт корпорациясы үшінші сұрыпты бидайдың тоннасын 85-тен 100 мың теңге аралығында, төртінші сұрыптыны 65-75 мың теңге, ал бесінші сұрыптыны 50-60 мың теңге деп белгіледі. Оның өзі бидай қамырлығына байланысты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг