Елге бидай әкелуге тыйым салынады
Бидай импорттауға тыйым салынады.
Қазақстанға бидайды автомобиль, теміржол, сондай-ақ су көлігімен әкелуге тыйым салу тағы жарты жылға ұзартылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті құжатты дайындады.
Соған сәйкес елге тек құс және ұн фабрикаларына ғана сырттан алуға рұқсат етіледі. Онда да өңдеу және жем ретінде қолдану үшін. Сатуға болмайды. Мұндай отандық астық өсірушілерді қолдау үшін жасалып отыр. Былтыр елімізде 12 млн тонна бидай жиналды. Оның жартысына жуығы төменгі сапада. Шаруалар әлі күнге сол өнімді тиімді бағада сата алмай отыр. Импортты тоқтатпаса өз бидайымызды өткізу мәселесі одан әрі қиындауы мүмкін. Мәселен, биылдың өзінде Ресейден 174 мың тонна бидай әкелінген.
Сондай-ақ Қазақстан темір жолы компаниясы Қытайға қарай Достық шекара өткелінен астық тиеуге уақытша тыйым салынатынын хабарлады. Шектеу наурыздың 18 мен 21 аралығында деп көрсетілген. Оған шекарада 6 мыңнан астам жүк тиелген вагонның тұрып қалуы себеп. Осыған байланысты бидай, арпа және майлы дақылдарды, сондай-ақ ұнтақталған өнімдерді контейнерлік тасымалдау әзірге жүзеге асырылмайды.