Отандық тауарлардың бірыңғай тізімі жинақталады
Сөйтіп сонда енген өндірушілер ғана мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда өндірістің нақты бар-жоғын тексеру мүмкін емес. СТ – KZ және Индустриялық сертификаттары өзара ұқсас болса да, оған өндірушілер көп шығындалады. Сондықтан Сенат депутаттары заңға тиісті өзгерістер енгізіп, ең ұтымды тұстарын ғана қалдыруды көздеп отыр. Атап айтсақ, тауар шыққаннан бастап, сараптамасына дейін тексеретін бірыңғай цифрландырылған жүйе іске қосылады. Бұл Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен олардың өндірушілері туралы ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік береді.
Қайрат Балықбаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
-Бұл адами факторды барынша төмендетеді. Себебі жүйедегі мәлімет басқа органдарының дерекқорларымен интеграцияланады. Яғни салық және кеден органдарында құжат автоматты түрде тексеріледі. Заң жобасын биыл қабылдау жоспарда бар.