Топырақ көшкіні: Бесағаш ауылында жер үй сүрілді
Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды. Бүгін топырағы көшкен үй арнайы комиссия шешімімен толықтай сүрілді. Қазір жардың етегіндегі үйдің ауласын топырақтан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топырақ көшкінінен адам шығыны жоқ. Алайда бір үйлі жан баспанасыз қалды. Оларға көмек бола ма? Басқа үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ па?
«Қазір бос қалған мына 18 сотық жерде еңселі үйім болған»,– дейді шаңырақтың отанасы Мақпал Оразиман. Баспананы жарты жыл бұрын ғана сатып алған екен. Айтуынша, бұрынғы қожайыны үй іргесін бірнеше тонна цементпен бекіткен. Соған қарамастан соңғы үш күнде жауған жаңбырдан топырақ жіпсіп, шектен тыс ылғалға шыдас бермей сырғыған.
Мақпал Оразиман, Бесағаш ауылының тұрғыны:
-22 наурызға дейін осы жерде менің өте тамаша үйім болған. Саябағым болған. Жер сілкінісінде де ол үйге ештеңе болмаған. Таудың бөктері болса да, бұл жерде арық жоқ. Үйдің астындағы жер кетіп қалды.
Топырақтың көшуінен жардың етегіндегі екі үйге зақым келген. Дәмелі Жапарованың айтуынша, 22 наурызда түнгі 23:40-та тұрғындар гүрс еткен дыбыстан далаға шығып үлгерген. Абырой болғанда жоғарыдан көшкен топырақ тапшанға түскен.
Дәмелі Жапарова, Бесағаш ауылының тұрғыны:
-Үйімізде жарық, қабырғамызға сырттан сондай зақым келді. Ол басқа, әрі моральды зақым бар: балалар шошып, жылап түнімен, қазір жағдайды көріп жатсыз, ауланың бәрі үстідегі үй мен контейнер құлауға аз қалды. Соны міне уақытысында келіп бәрін сүйреп, бұзатынды бұзып, қазір енді ауланы тазартып жатыр.
Қазір Бесағаш ауылында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды. Арнайы комиссия шешімімен астынан топырағы көшіп, жарда ілініп қалған үй сүрілді. Зардап шеккен үйлердің ауласы топырақтан тазартылып жатыр. Алдағы уақытта топырақ сырғымасынан қорғайтын бетон қоршаулар биіктетіледі.
Айбек Бидаев, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
-Осы уақытқа дейін жағдай бұл жерде тұрып жатқан халыққа белгілі болған. Жылда бұлардың қолына хабарлама беріліп отырған. 160 метрге осындай бетонный тағы да астында тұрған 8-10 үй бар, соларға қауіп төнбес үшін осындай бетонный ограждение 160 метрге салып, салынып тұрғанның үстін 2 метрге көтерсек пе деген жоспарымыз бар.
Оқиға болған түні облыстық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бірнеше адамды эвакуациялаған. Қазір олар үйлеріне оралып жатыр. Ал баспанасыз қалған отбасы мен үйлеріне зақым келген тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі арнайы комиссияның шешімінен кейін белгілі болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев