1 сәуір көлік салығын төлеу мерзімі аяқталады
Көлік салығы. Мемлекеттік кірістер комитеті оны төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталатынын ескертеді. Ал одан кешіккендерге өсімпұл қосылады. Ыңғайлы болуы үшін қазір азаматтардың банктік мобильді қосымшаларына PUSH-хабарламалар жіберілуде. Сол жерден салықтың мөлшерін біліп және оны төлеуге болады. Айта кетейік, салық 2023 жылға арнап төленеді.
PUSH-хабарлама. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тәсілді 2-3 жылдан бері белсенді қолданып келеді. Көлік иелерін бұлайша ақпараттандыру биыл наурыздың 12-і күні басталыпты.
Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
-Әзірге ол барлық қазақстандықтарға жіберіліп үлгерген жоқ. Банктер оны өңдейді. 31-не дейін бәріне жіберіледі. Егер де бұл салық уақытылы төленбесе, бірінші сәуірден кейін әрбір кешіктіріліп төленген күн үшін өсімпұл есептеленетінін ескертеміз. Одан кейін оларға хабарлама жіберіледі.
Салық төленбеген жағдайда іс жеке сот орындаушыларына беріледі. Ал берешегі 150 мың теңгеден асатындарға шетелге шығуға тыйым салуға дейінгі шектеулер қолданылады.
Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
-Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 205 мың жеке тұлғаның 14,8 млрд көлік салығы бар. Оның ішінде өсімпұлдары бар жылдан-жылға өсіп жатқан. Былтыр төленбеген салықтары алдыңғы жылғылары да болуы мүмкін. Кейбір азаматтар көлігін сенімхатпен сатып жібереді, әртүрлі себептер болады.
Дей тұрғанмен борышты өтеу құжатта көрсетілген көлік иесінің міндеті. Сондықтан темір тұлпарыңызды сатқанда осыны ескере жүргеніңіз абзал. Әртүрлі себеппен салығын төлемей жүргендердің басым бөлігі Алматы қаласы, Алматы облысы, Астана мен Шымкент қаласының тұрғындары екен. Айта кетейік 1 сәуірге дейін 2023 жылдың көлік салығын төлеу қажет. Тәртіп солай, есептеу бір жылға кеш жүреді. Әдетте жыл сайын 3 млн адамнан бюджетке 70 млрд теңге мөлшерінде көлік салығы төленеді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Бауыржан Ебелеков