Мәскеудегі лаңкестік: Қазақстан қауіпсіздігін күшейтуге кірісті
Ресейдегі лаңкестік әрекеттен кейін маңайдағы елдер де қауіптене бастады. Орталық Азия елдерімен қатар Қазақстан да қауіпсіздігін күшейтуге кірісті. Себебі көрші елдің концерт залында халықты қырып салғандардың артында экстремистік ұйым тұр деген болжам бар. Ондай қатерлі топтардан қалай құтылуға болады? Қайтсек тосқауыл қоямыз?
Әлемде дін атын жамылған экстремистік топтар ХХІ ғасырда күшейе бастады. Оған 2001 жылы АҚШ-та болған ірі террорлық акт дәлел.
Араға тура 10 жыл салып, лаңкестік әрекеттер біздің елге де келді. 2011 жылы Қазақстанда бір емес, бірнеше теракт болды. Одан кейін мұндай оқиғалар 2012 және 2016 жылдары тіркелді. Әрине, құзырлы органдар бейқам отырған жоқ. Теріс пиғылдағы топтарды алдын ала анықтап, жойып келеді. Себебі идеологиясы шекара мен шектеу дегенді білмейтін ондай ұйымдардан қауіп қашан да бар.
Кеңшілік Тышқан, теолог:
- Сирия мәселесі қалыптасты, Ауғанстан мәселесі ақырындап ұмыт бола бастады деп етекті кеңге жайып отырудың реті жоқ. Сондықтан «жау жоқ деме, жар астында» деген дүние. Бізде де радикалды бағыттағы азаматтар, топтар, олардың жақтастары қоғамда жоқ деп айта алмаймыз. Бұл радикализм, терроризм, экстремизмнің ар жағында саяси мүдделердің де жатқандығын да жоққа шығара алмаймыз.
Жанат Момынқұлов, халықаралық шолушы:
- Қазір геосаяси жағдай күрделенген жағдайда ол «ДАИШ» бола ма немесе оның артындағы ойыншылар бола ма немесе сол радикалды террористік ұйымдарға енгізілген қауіпсіздік агенттерінің іс-әрекеттері ме? Өте құйтырқы ойындар жүріп жатыр қазір. Содан сақ болуымыз қажет.
Қазақстанда қазір 22 террористік құрылымға ресми түрде тыйым салынған. Олардың арасында «Әл-Каида», «Хизбут-тахрир» және «ДАИШ» секілді ұйымдар бар. Олардың қатары қалай көбейіп жатыр?
Теолог Данияр Кенжалиннің айтуынша, қазір деструктивті діни ағымдардың уағыз-насихаты ғаламтор желісінде жетіп артылады. Бірақ бір қарағанда олар арам пиғылды болып көрінбеуі мүмкін. Себебі әдіс-тәсілі сондай.
Данияр Кенжалин, ҚМДБ бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы:
- Бұлардағы сипат: жергілікті діни басқармаға қатысты, имамдарға қатысты сізге теріс ұстанымды насихаттайды. Дереу сізге лаңкестік әрекеттер жасау керек, былайша айтқан кезде өздерінің қолданатын «Алла жолындағы жиһад», «тәкфир» идеологиясын тікелей бермейді. Сатылы түрде дайындайды.
Экстремистік әрекеттерге үгіттейтін топтар діни қызметкерлерге ғана емес, ұлттың салт-дәстүрлері мен мемлекеттің заңдарына да бағынбайды. Енді қайтпек керек? Ресейдегі оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, құзырлы органдарға қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды. «Ал әлемді жайлаған теріс идеологиямен бүкіл дүниежүзі болып күресуіміз қажет. Ол үшін барлық ел өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, терроризмге қарсы күресте үлкен халықаралық коалицияға бірігуі тиіс», - деді.
Қазақстан болса осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.
Дамир Берікұлы, Бауыржан Ебелеков