Көктемгі егіс жұмыстарына дайынбыз ба?
Үкімет отырысында осы мәселе талқыға салынды. Бұған дейін жол беріліп келген кемшіліктер айтылып, ендігіде шалыс баспас үшін атқарылуы тиіс шаралар туралы айтылды.
Биыл қазақ даласында 23.8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Бұл былтырғыдан 200 мыңдай гектарға аз. Жалпы дайындық қай деңгейде және биылғы науқанда жаңашылдық бар ма?
Әуелгі әңгімені былтырғы жағдайдан бастайық. Былтыр не болып еді, еске сала кетсек, ауа райының қолайсыздығына байланысты астықтың біраз бөлігі бастырылмай, су тиіп, күйіп кетті. Нәтижесінде аграрлы ел деген дардай атағымыз болса да, көрші Ресейдің арзан астығы нарығымызға кіріп, өзіміздің өнімнің біразы өтпей, шаруалар шырылдады. Бұл жағдайды Үкімет отырысында Премьер-министр де тілге тиек етті.
«Бізде егіс алқаптарының нақты көлемі, дәнді дақылдарды әртараптандыру бағытында әкімдікдердің жұмыстары әлі көрінбейді», деп атап өтті ол. «Диқандардың көбі министрлік жоспарлаған нақты іс-шаралардан бейхабар»,- деді. Ол аз десеңіз, суды көп қажет ететін егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де бар екенін айтты. Олжас Бектенов: «Егіс алқаптары мен статистиканың нақтылығына әлі де сұрақтар бар»,-деді.
Хош, сонымен былтырғыдай бармақ тістеп, бас шайқап отырмас үшін биылғы жұмыстарды уақтылы, ашық әрі нақты жүргізуге пәрмен берілмекші. Аймақтарға нақты не істеу керек екендігінің жаңа индикаторлары, яғни мақсатты жоспарлары жіберілді. Көктемгі дала жұмыстарына ең бірінші кезекте не керек? Сайлы техника, жеткілікті жанар-жағармай мен тұқым. Министр мәліметтерді келтірді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 149 мың трактор, 5 мыңға жуық жоғары өнімді егістік кешендері, 76 мың тұқым сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 85% құрайды. Жаппай егіс жұмыстарының басталуына бұл техника 100% дайын болады.
Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының паркі 75% тозып тұрғаны бәрімізге мәлім. Бірақ қазіргі қарекет – бармен базар жасау. Ал техника паркін жаңалау егістік жұмыстарының сыртында жалғаса береді. Ендігі мәселе – тұқым.
Биылғы егіс науқанына 2,4 млн тонна тұқым қажет. Министр баяндағандай қазіргі күні оның 97% дайын. Мұның сыртында облыс бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 12,8 млрд тг қарастырылып отыр.
Сондай-ақ элиталық тұқымдардың үлесін көбейту жұмыстары жүргізіліп, қазір ол 10% жетіп отыр. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарға қажеттілік 1,5 млн тонна шамасында белгіленді. Ол ғылыми қажеттіліктің 46 % десек, тыңайтқыш жеткізу жұмыстары әлі жалғасуда.
Биылғы егістік науқанының тағы бір ерекшелігі астықты дақыл алқаптары мен суды көп қажет ететін мелиоративті алаңдар қысқартылады. Есесіне өнімділігі ғана емес, маңызы да жоғары майлы дақылдардың алқаптары біртіндеп ұлғайтылмақ.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Майлы дақылдар алаңын 385 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 гектарға ұлғайту. Қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 12 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Берік азық-түліктік базаны құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін ағымдағы жылы азықтық дақылдар алаңы 68 мың гектарға ұлғайтып, оларды 3 млн 200 гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
Суды көп ішеді екен деп суармалы алқаптардың бәрі шетінен қысқаруға ұшырымайды. Су үнемдеу технологияларына басымдық беріледі. Мәселен, күріш атыздарында суды бірнеше мәрте пайдалану үшін қосымша сорғы құрылғылылар алынып, тың агротехнологиялық шешімдер қарастырылған.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерге суды үнемдейтін технологияларға баса назар аударуды тапсырды. Аймақта су үнемдейтін технологияны енгізу көлемі биылғы жылы 4200 гектарға жеткізіледі. Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, күріш атыздарында су үнемдеудің бірден бір жолы лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Биылғы жылы күріш егісі көлемінің 70% лазерлік тегістеуден өтеді. Бұл суды 20% дейін үнемдеуге, өнімділікті 30% дейін көтеруге мүмкіндік береді.
Тағы бір аспект – отынның көлемі. Еліміздің бас энергетигі көктемгі дала жұмыстарына деп 340 мың тонна дизель отыны дайындалғанын, қазірдің өзінде 70 мың тоннаға жуығы шаруаларға жөнелтілгенін мәлімдеді. Және ол былтырғыдай тапшылық болмайды деп сендірді. Себебі тапшылыққа себептер болыпты.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы ведомствосымен және әкімдіктермен бірлесе отырып, өңірлерге дизель отынын жеткізу кестесін бекітті. Оның бағасы былтырғы межеде бекітілді. Литріне 250 тг. Бұл елдегі орташа бағадан және жанармай құю бекеттеріндегі бағадан 45 теңгеге арзан. Арзан дизельді ертең баға қосып қайта сатуға жол бермес үшін бірқатар шаралар қабылданды.
Ол қандай шаралар? Министр атап өткенде егістік жұмыстарына жеңілдетілген шартпен дизельді алып, оны мақсатсыз пайдалану, керек десеңіз, ішкі немесе сыртқы нарықтарда үстінен баға қосып сату жайттары болып тұрады екен.
Бұған жол бермеу үшін, яғни отынды бөлуден бастап оны қолдануға дейінгі процестерді бақылау мақсатында дизель отыны үшін жеке ПИН-кодтар алынды. Дизель отыны сары, көк және қызыл түске боялды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер операторларының жүйесінде дизельге жеке виртуалды қойма құрылды. Оны фискалдық органдар бақылай алады.
Байқасақ, біраз шара қабылданып, біраз шаруа атқарылуы тиіс. Ал оның ақшасы қандай деген сұраққа мына төменнен жауап іздейік.
Көктемгі дала егіс жұмыстарын қамтитын шаралардың барлығын қаржыландыру үшін жеңілдетілген кредит беру көзделген, ол бойынша қажеттілік 1.5 трлн тг. Кең дала бағдарламасы шеңберінде 140 млрд теңге қарастырылып отыр. Ол бойынша қазірдің өзінде 1434 өтінім беріліп, 811-і мақұлданды.
Сондай-ақ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 40 млрд тг көзделіп, қазір 24 млрдқа 196 өтінім түсті. Бұның сыртында басқа да қаржыландыру көздері, оның ішінде жергілікті бюджеттерден 100 млрд тг қарастырылуда. Нәтижесінде қосымша 425 млрд тг жеңілдетілген несиеге бағытталады.
Премьер-министр Олжас Бектенов минералды тыңайтқыш, тұқым, су үнемдеу және техника мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Әсіресе техниканы жаңалауға қатысты мына бір сөзі ескі дүниеден есі шығып жүрген біраз шаруаға ақжолтай жаңалық болуы мүмкін.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Диқандардың жаңа техника сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салу керек. Бұл шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жаман емес сияқты. Ең бастысы былтырғыдай әттегенайларға жол берілмес үшін тәуекелдермен жұмыс жасауға пәрмен беріледі.
Ал аграрлық технологияларды кеңінен енгізу міндеті маусымдық емес, жүйелі әрі стратегиялық сипатта екені қуантады.