Биыл 18 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілмек
Биыл экономиканың нақты саласы ретінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысының өрісі кеңейеді. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды. Атап айтқанда, құрылыс салу жоспары 18 млн шаршы метрге ұлғайтылды. Оның сыртында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 2 және 5% мөлшерлемемен 7 мың ипотекалық несие беріледі. Оған 81 млрд теңге қарастырылып отыр.
Сондай-ақ «Отау» бағдарламасы шеңберінде 150 млрд теңгеге 8 мың, 1 мамырдан іске қосылатын «Наурыз» бағдарламасы бойынша 300 млрд теңгенің 12 мың ипотекалық несиесі жоспарлануда. Құрылыс қарқыны ғана емес, саладағы келеңсіздіктермен күрес те күшейтілуі тиіс.
Үкімет басшысы атап өткендей 340-тан аса заңсыз құрылыс бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрілігі: «Бір ай мерзімде барлық құрылыс нысандарының құжаттарын тексеріп, тиісті шешім қабылдауы керек»,- деп тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Тұрғындар тарапынан осыған қатысты арыз-шағымдар өте көп. Жаңа баспанаға қол жеткізген азаматтардың қуаныштары ұзаққа бармайды. Мұндай мысалдарды ақпарат құралдарынан жиі көруге болады. Сапасыз құрылыс тұрғындардың ғана проблемасы болып қалмауға тиіс. Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде заңсыз құрылыс жүргізгені үшін құрылыс компаниялары мен лауазымды тұлғаларға ықпал ету шараларын қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлесін. Оларды Құрылыс кодексінің жобасына енгізу қажет.