Хабар телеарнасы

Бектенов БҚО-да ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарын тексерді

Жаз айларында ауызсудан тапшылық көретін Батыс Қазақстан жұртшылығының бұйымтайы Бектенов мырзаның құлағына шалынса керек, бүгін өңірге іссапармен барған Үкімет басшысы облыс басшылығына су тазарту жүйесін жаңғыртып, оның өндірістік қуатын тәулігіне 50 мың текше метрге дейін жеткізуді тапсырды. Орал қаласының коммуналдық энергетика секторын аралаған Премьер тозу деңгейі 60% асып тұрған сумен жабдықтау, су бұру желілерін жаңғыртуды және кәріз сорғы стансаларын реконструкциялауды тапсырды. Олжас Бектенов сондай-ақ қауіпті қызыл аймақта тұрған жылу электр орталығының қазіргі жағдайымен танысты.

Бақытжан Акимгужин, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры:
-ЖЭО-ның жалпы қуаты сағатына өндіретіні 44,5 мегаватт. 2023 жылы біздер 5,6 км жылу желілерін ауыстырдық. Бір қазандықты қайта құрдық, жаңарттық және де ЖЭО-да 3 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. 2019 жылы ЖЭО жаңарту мақсатында 2 жоба жасақталған болатын. Соның бір жобасы градильныйды қайта құру жобасы былтыр бітіп, қайта іске қосылған болатын. Қазіргі таңда екінші жобамыз бу турбинасын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Премьер-Министр Батыс Қазақстан өлкесіндегі агроөнеркәсіп кешенінің даму барысымен танысты. Былтыр өңірде 305 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылғы өнімдері өндірілген. 310 мың тонна дәнді, 81 мың тонна майлы дақыл және 62 мың тоннадай көкөніс өндірілді. Премьер аймақтағы көкөніс өсіретін ірі жылыжайдың жұмысымен де танысты. Голландиялық 4-ші буындағы технологиямен салынған нысан жылына 6 мың тоннадан аса қияр мен қызанақ өсіреді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Биылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау үшін 500 мрд теңгеге жуық қаражат бөлініп жатыр. Тыңайтқышқа, сумен қамтамасыз ететін, басқа да шығындарға 50% дейін субсидияланады. Қазіргі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша біз қолдау көлемін екі есеге ұлғайтамыз. Сондықтан перспектива бар. Тек қана белсенді жұмыс жасау керек.