Хабар телеарнасы

Алматы халқының 99,6%-і жыл соңына дейін сумен толық қамтылады

Мегаполистің жоғарғы аудандарын тіршілік нәрімен қамтуға бағытталған стратегиялық маңызды жоба құрылысы қарқынды. Жауаптылар Үкімет басшысына Президенттің резервтік жүйе туралы тапсырмасы орындалды деп есеп берді. Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапарында индустриялық аймақтағы бірқатар кәсіпорынды аралады.

Үкімет басшысы алдымен су сорғы станциясының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамтамасыз ететін қосымша құрылғы салу жұмысы жүріп жатыр. Мегаполис үшін бұл өте маңызы жоба саналады. Себебі құбырлар ескірді. Сел жиі болады. Ауызсу лайланып, санитарлық талапқа сәйкес келе бермейді. Өткен жылы тамыз айында Мемлекет басшысы бұл мәселені реттеуді тапсырған.

Олег Югай, «Алматы Су» МКК сумен жабдықтау департаментінің директоры:
-Су сорғыны жаңарту жұмысы басталды. Құрылғының қуаттылығы екі есеге артады. Қосымша төрт құдық қазылады. Нысан салынып іске қосылғанда Медеу ауданының оңтүстік бөлігі ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етіледі.

Өткен жылы қалада 117 шақырым ауыз су құбыры жүргізіліп, 46 км қайта жөнделді. Шаһар ауызсумен толық қамтамасыз етілген. Сапар барысында Үкімет басшысы «Ирригатор Қазақстан» зауытында болды. Алқапты тамшылатып суаруға арналған шетелдік технологияның мүмкіндігін көрді.

Мұрат Ақшалов, «Ирригатор Қазақстан» ЖШС директоры:
-Биыл біз тамшылатып суару жүйесіне қажетті полиэтилен құбырларын шығаратын зауытты іске қостық. Өндірісте 20 адам еңбек етсе, жалпы компанияда 50 адам тұрақты жұмыс істейді.

Олжас Бектенов Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнына барған кезде жергіліктендіру мен өндірістің неғұрлым күрделі технологиялық процесіне көшу жоспарымен танысты. Зауыт басшылығы жұмысшылар санын 1700-ге дейін ұлғайтуға болатындығын тілге тиек етті. Жалпы қазіргі кезде индустриялық аймақта жылына 90 мың жеңіл автокөлік құрастырылатын ірі зауыт құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Президент өзінің Жолдауында Үкіметке шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіру жөнінде нақты тапсырма берді. Ел экономикасы үшін бизнесті қолдау маңызды. Индустриалды аймақтар, әсіресе шағын өнеркәсіптік парктер тиімді механизмге айналды. Мұнда кәсіпкерлер өндірісті өрістете отырып, үнемделген қаражатты айналымға жібере алады.

Келесі нысанда Премьер-Министрге ауданы 100 мың шаршы метрден асатын Wildberries жаңа логистикалық тарату орталығының құрылысы туралы баяндалды. Қазіргі кезеңде жобаға 12,9 млрд теңге инвестиция құйылған. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқтау жоспарланған. 4 мың жұмыс орнын құру көзделген. Бұған қоса, Үкімет басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында арнайы жұмыс істейтін Алматы қаласының шағын өнеркәсіп парктері бағдарламасының іске асырылуымен танысты.

Авторлары: А. Садуақас. Р. Жақыпов