Қарақат Әбден: Жезқазған-Қарағанды жолында адам қазасы азаймай тұр
Былтыр жүзден астам жол-көлік апатында 37 адам қаза тапқан. Бұл тек «Жезқазған-Қарағанды» тас жолының қаралы тізімі. Көлік апатына ең алдымен тозған жолдар себепші.
Мәжілісте Ұлытау облысындағы осы мәселе туралы Үкіметке депутаттық сауал жолданды. Аймақ жаңадан құрылған тұста жергілікті халық инфрақұрылым жақсарып, барыс-келіс жеңілдейді деп үміттенген. «Алайда «Қызылорда-Жезқазған», «Қарағанды-Жезқазған» тас жолдарының құрылысы «жоспарлануда», «қолға алынады» деген сырғытпа уәдеден әрі аспай отыр», - дейді депутаттар. Бұл бағытта автокөлік жолдарын салу Көлік министрлігінің құзырында.
Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Қызылорда-Жезқазған» жолының жайы маған бала кезден таныс. Бұл мәселе сол кезде өзекті еді, қарап тұрсаңыз, қанша жыл өтсе де, «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр. «Жезқазған-Қызылорда» автомобиль жолы бойынша мердігер компаниялардың өтінімдері әлі бағалану стадиясында. Құжаттардың рәсімделуі «Госэкспертиза» мен «ҚазАвтоЖол» арасында ілгері-кейін допша домалап жүр. Нақты іске қашан көшіп, құрылыстың қашан басталатыны белгісіз.
Депутат Аманжол Әлтай да өз сауалында Ұлытаудағы халықтың мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, Жаңаарқа ауданы, Жұмажанов ауылының тұрғындары төгілген мұнай қалдықтарынан зардап шегіп отыр. Бұл полигон елді мекеннен небәрі 500 метр жерде орналасқан.
Денсаулығына алаңдаған жұрт СЭС мамандары мен экологтарға шағымданған. Бірақ өкінішке қарай қарапайым халықтың жанайқайына ешкім құлақ аспаған. Ал күн жылынғалы мұнай қалдығы жатқан жерге қар суы жиналуда. Ол енді Сарысу өзеніне құйылады деген қауіп бар.