Хабар телеарнасы

«Ақтөбе-Қандыағаш» күрежолының құрылысы биыл аяқталады

«Ақтөбе-Қандыағаш» күрежолының құрылысы аяқталуға таяу. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомагистриалі елімізді Ресей арқылы еуропамен жалғайтын транспорттық дәліз саналады. Бүгінде ұзындығы 884 шақырым күрежолдың 732 шақырымы қайта жаңғыртылған. Пайдалануға қашан беріледі?

Ақтөбеден Қандағашқа баратын жол жылдар бойы жұртшылықты азапқа салды. Ойық-шұқырдан қашқан жүргіншілер діттеген жеріне аман жеткеніне қуанатын. Ал жоғалтқан уақытымыз бен қираған көлік өз алдына бөлек әңгіме, - дейді ауыл тұрғындары. 2021 жылы басталған жол құрылысы аяқталуға жақын.

Блиц-сауалнама:

- Алғаның ауруханасында хирургия бөлімшесінде жұмыс істедім. Сол кезде Алға мен Қандығаш екі ортада қаншама ДТП болды. Қаншама қыршындар кетті.

- Ақтөбеге қатынап жұмыс істеймін. Қазір жол жақсы, рахат. Жарты сағатта жетіп барамыз. Енді көптен күттік қой жолды.

 Жолдың жалпы ұзындығы 96 шақырым. Оның 75,5 шақырымы төрт жолақты, бірінші санатқа жатады. Ал қалған бөлігі – қос жолақты күрежол. Құрылыс барысында қолданылған материалдардың сапасы мен жөндеу жұмыстарының барысы қатаң бақылауға алынған.

Болатбек Айтбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры:

- Оның ішінде 2700-ден астам сынамалар алынды. Инертті материалдарға осы мына қолданып жатқан. Соның ішінде 3,7 пайызы кезінде талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Бірақ мердігер ұйымдар өз тарапынан ол материалдарда анықталған ақаулардың бәрі ретке келтірген болатын.     

Бұл жолмен жылына 7 мыңнан астам көлік қатынайды. Әзірге 4 жолақты жолдың екі жолағы ашылған. Бір айдан соң құрылысы толық аяқталады.

Сейдахмет Құшабаев, мердігер компания өкілі:

- Қандыағашты айналып өтетін жол толықтай  пайдалануға берілді. Ол бірінші санатты жол. Енді жол бойы абаттандырылып белгілер мен жарық желісін тарту секілді жұмыстар қалды. Бірінші санатты жолдың  пайдалану мерзімі 14-15 жыл. Келісім бойынша оның 2 жылына біз кепілдік береміз.

Ақтобе-Қандыағаш бағыты, Ақтөбе-Атырау-Астрахань күрежолының, яғни ірі жобаның бір бөлігі ғана. Жалпы ұзындығы 884 шақырым болатын жолдың 732 шақырым толықтай қайта жаңғыртылған. 

Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:

- Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолының еліміз үшін әсіресе, Атырау, Ақтөбе облыстарының экономикалық-әлеуметтік дамуына маңызы өте зор. Екі облыстың 9 ауданынын аумағынан өтеді. Бұл тұрғындар үшін, әсіресе, Ақтөбе облысының шалғайдағы Темір, Байғанин аудандарына үлкен жақсы жаңалық.

Ақтөбе облысында тағы бір ірі жоба қолға алынды. Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын күрежолы көп жылдан бері жөндеу көрмеген еді. Жобаның алғашқы кезеңінде 28 шақырым жол жаңғыртылады. 

Арыстанбек Кенже, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков