Бүгін – Дүниежүзілік нейрохирургтер күні
Бүгін – Дүниежүзілік нейрохирургтер күні. Қылшықтан да жіңішке жүйке талшықтарына ота жасап, мидың және жұлынның жұмысын жақсартатын дәрігерлердің бүгін кәсіби мерекесі. Еліміздің әрбір өңірінде нейрохирург-дәрігерлер бар. Бірақ ең күрделі операциялар Астанадағы Ұлттық нейрохиругия орталығында жасалады.
Нұржан Рыскелдиев жұмысқа асығып жетті. Себебі бүгін күрделі операция жоспарда. 37 жылдық еңбек өтілі бар нейрохирург ең күрделі микрохирургиялық тәсілдерді жетік меңгерген. Науқастың көңілін тауып, демеп жіберу де маңызды дейді ол.
Нұржан Рыскелдиев, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі, нейрохирург-дәрігер:
-Енді ісік дегенде кім де болса, шошиды енді. Өте ауыр. Оны психологиялық жағынан дайындап, операцияға дайындап, өткізіп, кейінгі реабилитациясы бар оның барлығы жұмыс. Күрделі.
Операция үстелінде 56 жастағы емделушінің миынан 6 см-ге жуық қатерлі ісік анықталған. Өзі ұйықтап жатқанымен, оның барлық ағзасы заманауи аппарат арқылы дәрігерлердің бақылауында.
Нұржан Рыскелдиев, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі, нейрохирург-дәрігер:
-Қай жерде ісік бар, қай тереңдікте, ісіктің қаншалықты алынғанын нейронавигация жүйесімен операция барысында тексеріп, қадағалап отырамыз. Ал нейромониторинг жүйесі 51. Операциядан кейін сал болып қалмауы үшін. Қолы істемей қалмауы үшін. Алдын-алу үшін.
Ауыр күндер артта қалды дейді, бір апта бұрын пышаққа түскен Гүлнәр Шөренқызы.
Гүлнәр Шөренқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Операция өте сәтті өтті. Бірінші Алла деймін. Екінші ағаларымызға рақмет айтқым келеді.
Есімі ел аузында жүрген дәрігер-ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов бастаған ұжымда 95 білікті маман еңбек етеді. Оның 34-і нейрохирург. Олар күніне 30-ға жуық, ал жылына 4,5 мың операция жасайды. Ең бастысы, барлық операция квота бойынша тегін жасалады. Демек осыншама адамның жүйке жүйесін емдеп, жүрегіне үміт сыйлап, өмірін сақтап қалуға дәрігерлер барын салып келеді.
Авторлары: Алуа Маханбет, Руслан Тәуірше