Қызылорда облысы қар суын кәдеге жаратып отыр
Қызылорда облысының аумағына Сарысу өзені арқылы секундына 300 текше метрге дейін су ағады. Бұл алқаб соңғы 7 жылдан бері құрғап қалған еді. Биыл Ұлытау өңіріне жауған қалың қар еріп, аталған су жолдары қайта жанданған. Қарғын судан қауіп бар ма? Шаруашылықтарға қандай әсері болуы мүмкін?
Су мол болған жылдары Сарысу өзені Шиелі ауданы аумағындағы Телікөл мен Ащыкөлге құяды. Аталған көлдер жүйесі 26 млн текше метр тіршілік нәрін жинақтай алады. Бұл маңда елді мекендер жоқ. Дегенмен 24 шаруашылық 16 мың бас түлікті өргізіп отыр. Оларға қауіп төніп тұрған жоқ. Керісінше, қар суы кәдеге жарады.
Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:
- Сарысудың суы өзі жайылып келеді. Бұл аумақта 500 мың гектар жайылымдық жер бар. Суландырудың арқасында ертең ол жерде жақсы шабындық пайда болады. Біздің облыс үшін, жалпы енді шаруашылықтарға ол қуанарлық жағдай. Өздері де айтып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Сарысу өзені сарылдап аққанмен, оның егінге пайдасы жоқ. Ал Сырдарияның деңгейі биыл да төмен болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Шардара мен Көксарай су қоймаларында жиналған тіршілік нәрінің көлемі өткен жылғыдан 600 млн текше метрге аз.
Су тапшылығына байланысты биыл өңірде күріш алқабы 5 мың гектарға қысқартылды. Сонымен қатар суды үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілетін болды. Ал күріш өсіретін жерді лазерлік тегістеуден өткізу жалғаса береді.
Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Әлемдік тәжіребиеде, өзімізде өткен тәжірибелер көрсетіп отыр. 20% дейін суды үнемдеп, өнімділікті 30% дейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Қазір облыста 2011 жылдан бері осы тәжіребиені кеңінен пайдаланып келе жатыр. Бүгінде 50 мың гектардан астам жер осы тегістеуден өткізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл жұмысты біз 100% дейін жеткізетін боламыз.
Биыл аймақта су үнемдеу технологиясына қатысты 4 жоба жүзеге асырылады. Осылайша 4 мың 200 гектар алқапқа егілетін мал азығы және бақша дақылдарын тамшылатып, жаңбырлатып суару жоспарланған.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев