Дағыстан азаматы Атырауға көмек ретінде 50 мың дана қап әкелді
Еліміздегі тасқыннан зардап шеккен аймақтарға шетел азаматтары да көмек жөнелтіп жатыр.
Бүгінге дейін жалпы жиналған гуманитарлық көмек көлемі 1 мың 713 тоннаға жетті. Оның 1 мың 370 тоннасы тасқыннан зардап шеккен облыстарға жеткізілді. Заттарды қабылдап, үлестіруге 29 мың волонтер көмектесіп жатыр.
Ал Қырғызстаннан жіберілген жылу еліміздің төрт қаласына жеткізілді. Ол – Ақтөбе, Қостанай, Орал мен Атырау. 15 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмектің жалпы көлемі – 300 тонна. Азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын мен жылытқыштарды жергілікті жерде ашылған орталықтар қабылдап алды.
Тасқын судан зардап шегіп жатқан Атырау облысына өзге шетелдіктер де қол ұшын беріп жатыр.
Мәселен, Дағыстаннан Омарасхаб Ахмедов құм салуға арналған 50 мың дана қап әкелген. Ол еліміздегі төтенше жағдай жайлы әлеуметтік желіден біліпті. Кейін таныстарына хабарласып, не қажет екенін сұрастырған. Таңдау қапқа тоқтапты. Ал жылуды жинауға достары көмектескен. Зардап шеккендердің қиын хәлін сезінген саналы азамат түн ортасында жолға шыққан. «Тура бір тәулік дегенде Атырауға жетім», - дейді.
Омарасхаб Ахмедов, Дағыстан тұрғыны:
- Бауырлас халықтың басына қиындық түскенін естігенде, дереу көмектесуге бел будым. Түнгі сағат екіде танысыма барып, қоймасындағы қаптарды сұрап алдым. Оларды жүк көлігіме тиеген соң, Астрахан облысы арқылы Атырауға жол тарттым. Елге жеткен соң тағы да қолдан келгенше гуманитарлық көмек жібереміз.