Хабар телеарнасы

Гидротехникалық нысандардың 60% тозған

Сенатор Серік Шайдаров гидротехникалық нысандардың қазіргі күйіне алаңдаулы. Олардың 60% астамы тозған. Су қоймаларын салу, еріген қар суын жинау және өзен арналарын тазарту жөніндегі осыдан он жыл бұрынғы кешенді жоспар жасалған екен. Бірақ әлі қағаз жүзінде ғана. Жаңасын былай қойғанда, қолданыстағы 500-ден астам гидротехникалық нысанды шұғыл жөндеу қажет. 

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Еліміздегі бөгеттердің тек 8% ғана қауіпсіз деген құжаттары бар. Негізі барлығы белгілі бір уақыт сайын тексеріліп тұруы тиіс. Биыл бұл мақсатқа тек 5 облыста ғана қаражат қарастырылған. 2025-2026 жылдарға ешқандай облыста қаржы көзделмеген. Жағдай неге бұлай?

Ал сенатор Ольга Булавкина, төтенше жағдай кезіндегі әрекеті үшін әр мемлекеттік органның жауапкершілігін заңмен бекітуді ұсынды. Айтуынша Үкіметке депутаттық сауал жолдауына тұрғындардың арызы себеп болған. Сондай-ақ аймақтарға сапары кезінде біраз жайтқа қанық болыпты. «Төтенше жағдай туындағанда мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде сәйкессіздіктер бар»,— дейді. Тасқын судың аграрлық секторға кері әсері де аз болмайтынын атап өтті. 

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Қаншама құнарлы жер су астында қалды. Алқаптар мен жайылымдардың батпақтануы жем-шөп базасының жетіспеушілігіне, азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауына әкелуі мүмкін. Тасқын судан кейін топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру бойынша ғылыми зерттеулерге негізделген кешенді бағдарлама әзірлеу қажет.