Елордада энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың 99% лицензиясы тоқтатылды
Елордада электр энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың 99% лицензиясы тоқтатылды. Осылайша 119 жеке компания табыс көзінен айырылды. Бұл кәсіпкерлерді алаңдатқан жалғыз мәселе емес. Олар енді нарықта монополия кесірінен қымбатшылық бола ма деген қауіппен Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасында жиналды.
Энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілдерінің сөзінше, Табиғи монополияларды реттеу комитеті олардың лицензиясын еш негізсіз тоқтатқан. «Бұл өз кезегінде тұтынушылардың жабдықтаушы ұйымды таңдау құқығын шектеп, тарифтің өсуіне әкеледі»,-деп отыр.
Сергей Агафонов, Қазақстанның энергиямен жабдықтау ұйымдары қауымдастығының төрағасы:
- Шағын және орта бизнес өкілдері үшін қазірдің өзінде электр энергиясының құны орта есеппен 50% өсті. Мәселен, Шымкентте бұған дейін 22 теңге 4 тиын болса, қазір құны 44 теңге болған. Қостанайда 26 теңге болса, қазір 36 теңге болып қымбаттады. Реттелмейтін жабдықтаушы ұйымдар бұрын бағаны ұстап тұратын еді. Қазір енді лицензиямыздың тоқтатылу салдарынан барлық өңірде баға өсіп жатыр.
Осындай шағыммен кәсіпкерлер Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Бас прокуратураға жүгінуге ниетті. Жауапты орган өкілдерінің айтуынша, мұндағы басты мақсат – тұтынушылар үшін электр қуатының түпкілікті құнын негізсіз көтеретін делдалдарды ысыру. Осылайша Үкімет энергия нарығына тәртіп орнатуды көздеп отыр.
Делдал компаниялар 20 жылдан бері нарықта жүр. Кезінде бұл жүйе тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауда бәсекелестікті дамыту үшін енгізілген еді.
Мағжан Қуанышбек, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияны реттеу комитетінің департамент басшысының орынбасары:
- Тұрғындар үшін электр қуаты субсидиялаудың арқасында арзанырақ шығады. Бірақ бізге бұл субсидияны қысқарту тапсырылды. Сондықтан қарапайым тұтынушылар енді электр қуаты үшін 20 емес, 29 теңге төлеуі мүмкін. Осы жолмен біз заңды тұлғаларға тарифті арзандатамыз. Бұл баға реттелмейтін жабдықтаушы ұйымдардан анағұрлым арзанырақ деп санаймыз. Олар осы күнге дейін 38 теңге төлесе, енді шамамен 33 теңге төлейді деп болжап отырмыз.