Хабар телеарнасы

Елде кенеге қарсы күрес басталды

Қансорғыштар биыл жылдағыдан ерте ояна бастады. Айтпағымыз кенелер жайы. Тек солтүстік өңірлердің өзінде 600-ден астам адам кене шақты деген шағыммен медициналық ұйымдарға жүгінген. Ал оңтүстік аймақтарда кенеден келетін кеселдер анықталған. Ауру ошақтарының алдын алу үшін нендей шаралар қолға алынды? Кенеден қалай сақтанған жөн?

Дана Әлиева, тілші:
- Күн жылынып, көк шыққанда барынша далада көп уақыт өткізуге тырысатынымыз рас. Бірақ көп жағдайда қауіпті аңғара да бермейміз. Мәселен, денеміз осылай ашық қалса, оп-оңай кене жабысуы мүмкін. Сондықтан біздегі амал - барынша ұзын жеңді киім киіп, қалпақты ұмытпау.

Олай дейтініміз, жыл басынан бері Алматыда 135 адам кене шақты деп медициналық ұйымдарға жүгінген. 84-і бала. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дабыл қағуда. Себебі әдетте мамырдан күзге дейін тірілетін бұл жәндік қазір өте белсенді.

Айнұр Аққошқарова, қалалық дезинфекция орталығы директорының орынбасары:
- Дезинфекция орталығында 2 бригада жасақталды. Қаладағы саябақтар мен жасыл желекті аймақтардың барлығында зиянкестерді улау жұмысы жүреді. Ол үшін термогенераторлар мен дәрі шашатын құралдар қолданылады.

Қансорғыш жәндіктің басты қаупі адам ағзасына кене энцефалиті және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыруы мүмкін. Алғашқысын көбіне ормандардағы кенелер, ал екіншісін оңтүстік аймақтардағы ірі қараларда кездесетін зиянкестер таратады.

Дана Әлиева, тілші:
- Адамды кене шаққандағы белгілерге тоқталатын болсақ, басы қатты ауырып, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Денесінде түрлі бөрітпелер пайда болады. Буыны қақсайды. Сондай-ақ тәбеті жоғалып, жиі шаршай бастайды
.

Эльмира Құрбанбекова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы:
- Негізгі қауіп оларда жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі болуы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігі болады және тыныс алуы қиындай бастайды. Осының арқасында олар өлімге алып келуі де мүмкін.

Биыл ел бойынша кене шаққан 11 адамнан сынама алынды. Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы 2 тұрғында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы анықталған. Тағы 6 жағдай бойынша жұқпалы дерт жұқтырды деген күдік бар.

Эльмира Құрбанбекова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы:
- Кенені ұстамау керек. Себебі оның барлық денесінде вирусты тасымалдаушы ол. Сондықтан жергілікті емханаға барып, кенені міндетті түрде сол жерде алып тастау керек. Ол кенені алып тастайтын кезде де түбіріндегі тістерін қалдырып кетуге болмайды.

Ал Шымкентте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы 10 шағынауданда шығуы ықтимал деген болжам бар. Мамыр айының соңына дейін 2 млн 300 мың шаршы қора-жайға арнайы сұйықтық шашылады. 152 мыңнан аса ірі қара мен уақ мал өңдеуден өтеді. Бұл үшін бюджеттен 71 млн теңге қаралыпты.

Қызылордада да жағдай мәз емес. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошағы болуы мүмкін 115 елді мекен анықталды. Қоршаған ортадан жиналған 730 кене зерттеліп, төртеуінен қауіпті вирус табылды.

Дана Әлиева аймақтағы тілшілердің көмегімен