Қызылордалық экологтар ғарыштан бақылау арқылы қоқыс үйінділерін анықтап жатыр
«Таза Қазақстан» 2 айлық науқаны аясында қызылордалық экологтар ғарыштан бақылау арқылы қоқыс үйінділерін анықтап жатыр. Қызылорданың 50 шақырымдық белдеуіне жүргізілген космо-мониторинг нәтижесінде бей-берекет тасталған 74 қалдық орны табылды. Жергілікті коммуналдық мекеме жұмысшылары «Қазақстан Ғарыш сапары» құрылымының гео-портал жүйесінде көрсетілген заңсыз қоқыс алаңдарын жоюға кірісті. Рұқсат етілмеген аумаққа тұрмыстық және құрылыс қалдығын төккен 12 тұрғынға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Тазалық мекемесінің қызметкерлері полициямен рейдке шығып, аңдып отырса да, тұрғындар жол жиегін қоқысқа толтырып кетеді. Өңірде 147 қоқыс тастау алаңы болу керек. Бірақ іс жүзінде 10 шақты полигон ғана талапқа сай жұмыс істеп тұр.
Әлішер Шамкенов, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
-2018 жылдан бері геопортал жүйесі іске асырылып, жылдан жылға белгіленген қоқыстар азайып келе жатыр. Бүгінгі күні халық арасында үйреншікті орындарға қоқыс тастау тәжірибесі әлі де жалғасуда. Қызылорда қаласының тұрғындарын және табиғат пайдаланушыларды осы аталған сенбілікке белсенді қатысуға шақырамыз және де Сыр өңірі табиғатын қорғауға шақырамыз.