Семейлік дәрігер жарты ғасыр бойы алғысқа бөленіп келеді
Белгілі балалар дәрігері Имдат Эфендиевтің есімі Семей тұрғындарына жақсы таныс. Баласының басы ауырып, балтыры сыздаса, осы ақ халатты абзал жанды іздейді. Дәрігер балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жарты ғасырға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатыр.
9 айлық Расиманың да әзербайжандық дәрігерге айтар алғысы көп. Пневмониядан әлсіреген бөбек ауруханаға шұғыл жеткізілген. Кейін мамандар қызылша жұқтырғанын анықтады. Абырой болғанда білікті дәрігер дереу іске кірісіп, Расиманың өмірін аман алып қалды.
Фариза Қапанова, науқастың анасы:
- Бұл жағдай демалыс күні болды. Қызымды ауруханаға әкелгеннен кейін Имдат Мұсаұлының тексеруін сұрадық. Өйткені оның қызылша жұқтырғанын біз анық білмедік. Білікті дәрігердің арқасында қазір қызымның денсаулығы жақсы.
Имдат Эфендиев балалардың көңілін тауып, жанын түсінеді. Жарты ғасырға жуық жұмыс істеген білікті дәрігер 50 мыңнан аса баланың өмірін сақтап қалған. Бүгінде көп жыл жинаған тәжірибесін әріптестері мен болашақ медицина мамандарына үнемі үйретіп отырады.
Талшын Дәлелханова, әріптесі:
- Ауыр жағдайда келген талай баланың өмірін аман алып қалғаны әлі көз алдымда. Имдат Мұсаұлы әр науқастың жағдайын үнемі бақылап, тіпті демалыссыз жұмыс істейтінін де білеміз. Осындай білікті дәрігер барда, балалардың өміріне қауіп жоқ деп айтуға болатын шығар.
Әйгерім Балтабек, медициналық университет резиденті:
- Осы 2 жыл резидентураның барысында ол кісі өзінің барлық білген тәжірибесімен, білімімен бөлісуде. Тәлімгер ретінде Имдат Мусаевич өте талапшыл және осы уақытқа дейінгі өзінің ғылыми еңбектерімен, қанша жылғы тәжірибесімен бізбен аямай бөлісуде.
Білікті дәрігер Арменияда туып, бар өмірін осы Семейде өткізген. 62 жастағы ақхалатты абзал жан өмірінің жартысын педиатрия саласына арнады.
Имдат Эфендиев, Абай облысының бас инфекционист дәрігері:
- Мен мектеп кезінен-ақ балалар дәрігері болуды армандадым. Өйткені мен балаларды жақсы көрем. Балалар да мені жақсы көреді. Қазақстанда еңбек етіп, осы елге пайдамды тигізгеніме қуаныштымын. Қазақ халқына алғысымды айтқым келеді. Бірнеше ұлттың басы осы мекенде бірігіп, қазір бірлік пен татулықта өмір сүріп жатырмыз.
Өңір тұрғындарының да білікті дәрігерге алғыстан басқа айтары жоқ. «Әр науқастың аурудан айыққанын көргенде қуанам», - дейді ақхалатты абзал жан.
Асланбек Шығыр, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов