«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр
Елімізде республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Өткен айдың 20 күнінде 1 млннан аса адам қатысып, 5 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Акцияның аты айтып тұрғандай, оның мақсаты – азаматтарды өз қаласы мен ауылын, ауласын таза ұстап, көшет отырғызуға үндеу. Таза қазақстан акциясына отандастарымыздан бөлек әлем футболының жұлдыздары да қатысты.
Бұл Ивуарлық футболшы Коло Туре. Ағылшын футболының, әсіресе лондондық Арсеналдың өз заманындағы айтулы аяқдопшыларының бірі. 2004 жылы чемпионатты бірде-бір жеңіліссіз өткерген Арсен Венгер бапкердің әйгілі жеңілмейтін командасындағы тас қамал қорғаушының бірі осы. Әлем футболында із қалдырған Коло Туренің енді Астанада да айрықша қолтаңбасы бар.
Коло Туре, футболшы:
- «Таза Қазақстан» – тамаша идея. Астанаға келгеніме бірнеше күн болды. Сіздердің елдеріңізде тазалық апталығы өтіп жатқанын естіп өзім қатысуға ниет білдірдім. Күнделікті өмірде адамдар өзін бақытты сезінудің бір шарты – тазалық. Сондықтан мемлекет көлемінде ұйымдастырылған акцияға қатысу, Қазақстанның көркеюіне қосқан тамшыдай болсын үлесім деп білемін.
«Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз енді іске айналуы тиіс. Астананың өзінде ғана бір млн астам жасыл желек, ал жасыл белдеу аймағында 200 мың түп көшет отырғызылады. Жалпы «Таза Қазақстан» апталығы бұл бірнеше тақырыптық шараларды қамтиды.
Бірінші апта «Таза өлке» деп аталып, тұрғындар қоғам белсенділері мен мекемелер өз аула-жайларын тазалады. «Киелі мекен» апталығы қала аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыруға бағытталса, «Жасыл аймақ» апталығында ағаш егу жұмыстары жүргізіледі. Ал жас буын «Өнегелі ұрпақ» апталығы кезінде ардагерлер мен қарттар үйінің ауласын жинап, қолғабыс жасайды. Шараның соңғы аптасы «Мөлдір Бұлақ» тақырыбымен өтіп, өзен-көл жағасы тазартылады.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші аптасы мәресіне жетті. Оның шеңберінде елімізде 5 мыңнан астам саябақ пен гүлзарлар абаттандырылды. Сондай-ақ 330 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ал енді Астананың өзіне келетін болсақ, бүгінге дейін 60 мыңнан астам тал егілген. Жыл аяғына дейін оның санын 1 млнннан асыру жоспары бар.
Туған жердің тазалығы әр адамға парыз болса, «Таза Қазақстан» акциясы соның алғышартын қалыптастыратын дәстүрге айналмақ. Оны Астана тұрғындарымен келіп, көшет отырғызған Президенттің сөзінен аңғаруға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе.
Асылхан Төлепов, актёр:
- Біз жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдаймыз. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағыталған шара бүгінгі күні халықтың ыстық ықыласын, белсенділігін туғызды.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- «Таза Қазақстан» жайлы айтқаннан кейін таяқтың екінші ұшы бар екенін де ұмытпағанымыз абзал. Құзырлы орындар білетін шығар. Мынау Астананың іргесінде құрылыс қалдықтарын төгетін стихиялық полигон. 2023 жылдың мәліметтеріне сүйенсек, бір ғана елорданың іргесінде дәл осындай заңсыз қоқысты төгетін 550-ден астам орын бар.
Шасәлім Шағалимов, «Таза ел үшін» экологиялық қозғалысының негізін қалаушы:
- Өкінішке қарай заңсыз қоқыс орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты қаптап барады. Әкімдіктің шамасы келмейді. Бүкіл қалаға жауап беретін экологиялық полицейлердің саны бесеу-ақ. Күнінен 100 деген камаз қоқыс төгеді, қайсыбіріне ие болады? Жауапкершілік жұмсақ. Ұсталғандарға алғашқыда ескерту беріледі. Айыппұлға келсек, бізде темекі тұқылын көшеге тастағаны үшін салынатын айыппұл сомасы далаға 5-6 тонна қоқыс төккеннен көп.
Шасәлім Шағалимов 2014 жылдан бері қала тазалығына жаны ашитындардың басын қосып, сенбілік ұйымдастырып, қалалық сенбіліктерге жұртты көбірек шақырып, белсенді болып келді. Алайда соңғы 5-6 жылда заңсыз қоқысты төгу күш бермей кеткенін айтады. 90% – құрылыс қалдықтары. 500 пәтерлік бір үй салынса, кемі 100 тонна қалдық шығарылады. «Мәселенің шешімі – мердігерлерге жазаны қатаңдатып, қадағалауды күшейту», - деп санайды белсенді.
Шасәлім Шағалимов «Таза ел үшін» экологиялық қозғалысының негізін қалаушы:
- Егер барлығы қалдықтарды арнайы полигонға апаратын болса, ол жерде де проблема туындайды. Күнделікті жиналатын қоқыс пен қалдықты қабылдап үлгірмейді. Бізде Құдайға шүкір жер көп, бірнеше жерден сондай полигондарды салу керек. Себебі бұлай жалғаса берсе, кейін экологиялық апатқа алып келуі бек мүмкін.
Айта кету керек, Үкіметте қалдықтарды қайта өңдейтін 37 зауыт салынып, жылына 1,2 млн тонна қоқыс өңделетіні айтылды ай бұрын. Оның сыртында жылына 3 млн тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын 21 жобаның жоспары және бар.
Тілге тиек ете кетсек, былтыр 4,1 млн тонна коммуналдық қалдық жиналып, оның 1 млн тоннасы ғана қайта өңделген. Ал елімізде жиыны 120 млн тоннадан астам қоқыс жатыр.
Берік Дүйсенбай, Дархан Күнтуов, Ғалымжан Әбділахат