«Таза Қазақстан». Кімнің «Жасыл көшеде» тұрғысы келеді?
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық іс-шарасы Қызылорда облысында ерекше бастамаларға арқау болды. Мысалы, Жалағаш ауданында «Жасыл көше» байқауы басталды. Бұл жолы ауыл тұрғындары мұнтаздай таза көше аты үшін өзара сынға түседі. Бұқарбай батыр көшесінің тұрғындары көктем шыға тал-теректің күтімін жасауды әдет еткен. Жазда сая болатын ағаштың түбін ақтап, зиянкестерден қорғау қарекетін жасайды. Бұтақтарын кесіп, жайқалып өсуін қадағалайды.
«Жасыл көше» байқауының жеңімпаздары арнайы аталым бойынша қаржылай марапатқа ие болады. Тазалық шарасын ерекше мазмұнда өткізуді көздеген жалағаштықтар жасыл желек аумағын еселеп арттыра беруді көздеп отыр.
Зүбайраш Кәрімова, Жалағаш кентінің тұрғыны:
- Жеміс болсын, басқа болсын көгерсе болды, егіңдер деп немеремізге еккіздік. Оқушы балалар, кішкентайларымызға дейін қолына бірнәрсе беріп, жатқан қағазды алып жүріңдер, жатқан бірдеңелерді жинап жүріңдер деп үйретеміз.
Арнұр Нұрмағанбетов, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары:
- Акция басталғалы біз барлық елді мекенді қамтып отырмыз. 10 мыңнан астам көшеттер осы жергілікті жерге бейімделген талдар егілді. Барлық елді мекендерді қоса алғанда, сонымен қатар 5 мыңға жуық тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.