Шымкентте спорт мектебінің қызметкерлеріне негізсіз үстемеақы төленген
Шымкентте бес бірдей спорт мектебінің қызметкерлеріне негізсіз үстемеақы төленіп келгені белгілі болды. 2018 жылдан бері мекеме директорларының жүргізушілеріне, мұрағатшылар мен комендант, аудармашылардың есепшотына жалпы сомасы 15 миллион теңге аударылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қалалық спорт басқармасына сыртқы талдау жасады. Тексеру тобына еріктілер де қатысты. Нәтижесінде бюджеттен бөлінген қаражат артығымен аударылғаны әшкере болды. Сонымен қатар қосымша ақы есептеудің тағы бірнеше жолы анықталды. Қазір талан-таражға түскен қаражатты мемлекет пайдасына қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Сала мамандарына қатысты тәртіптік жаза қолдануға нұсқау берілді.
Жани Қамбар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бойынша департаментінің бас маманы:
-2018 жылдан бастап 2023 жылдың аралығында негізсіз төленген. Бұл бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті алдын ала зерделеу жүргізген. Сол соманың 13,3 миллион теңгесі бюджетке қайтарылған. Қаражаттар қайтарылғаннан кейін біздің департаментпен жергілікті атқарушы органға тиісті хат жолданды.