Кей аймақтарда су тасқынымен күрес жалғасып жатыр
Еліміздің кей аймақтарында су тасқынымен күрес әлі де жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен 54 мыңнан астам адам қазір өз үйлеріне оралыпты. Ал 5 мыңнан астам тұрғын уақытша орналастыру бекеттерін паналауға мәжбүр. Құтқару жұмыстарына бас-аяғы 10 мыңнан аса адам мен 1 мың техника, сондай-ақ 60 қайық пен 4 әуе кемесі жұмылдырылған. Қазір құтқарушылардың дені Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында. Өзендердегі су деңгейі де бақылауда. Ведомствоның дерегінше, Жайық өзенінің Атырау қаласындағы тұсы төмендей бастаған. Алайда Индер және Махамбет аудандарында ол қауіпті деңгейден жоғары болып тұр.