Хабар телеарнасы

Тасқыннан кейін көп өңірде жол мәселесі күрделене түсті

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы 18 ауылдық округтің жетеуі Жайықтың сол жағалауында орналасқан. 14 елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына қалқымалы көпір немесе паром арқылы қатынайтын. Жайық өзенінің тасуына байланысты қазір барыс-келіс қиындап тұр. 

Базаршолан ауылының тұрғындары аудан орталығы Чапаев ауылына қатынау үшін әуелі 12 шақырым жердегі Тайпақ ауылына барып, өзеннен паром арқылы өтетін. Одан соң Орал-Атырау жолына шығатын. Алайда биыл Жайық тасуына байланысты пароммен қозғалыс уақытша тоқтатылды. Әрі Тайпаққа барар жолды да мынадай етіп, үш жерден су басып жатыр.

Сай-саланы қуалаған судың әзірге арыны басылар түрі жоқ. Қатты ағыс жолдың беткі қабатын шайып кеткен.

Самат Бақтияров, Базаршолан ауылының тұрғыны:
-Қатынас жоқ екі ортада. Қазір мынау айналып, Индер айналамыз Атырау облысымен. Осы жерден Индер 60 шақырым. Енді ол жол да нашар, жүруге келмейді.

Барбастау-Ақжайық-Индер жолы Жайықтың Бұқар бетіндегі елді мекендерді Орал, Атырау қалаларымен байланыстырады. Бірақ асфальт төселмеген. 47-93 шақырымы енді жөнделіп жатыр. Одан кейінгі аралық уақтылы қырылмайды, осылай жатады. Әрі бүгінде Сарытоғай ауылы аумағында бір шақырымдай жолды су алып кеткен. Көліктер қырат қуалап, жазық даламен жүреді. Индер кентінің іргесіндегі 5 шақырым тіпті иесіз екен. Жер Батыс Қазақстандікі. Жол ешкімдікі. Сол себепті қыста қары аршылмайды, жазда күтіп-ұсталмайды.

Ахат Сұпығалиев, Сарытоғай ауылының тұрғыны:
-Сарытоғай мен Индердің арасы 30 шақырым. Бірақ біздер осы 30 шақырымға қорлық көреміз. Жол машақаты. Қазір өзім Чапайдан келе жатырмын. Сіздерден сұрарымыз, ең бірінші осы жолды тегістеуге көмектессеңіздер.

Артур Ермұқанов, «Amanat» партиясы Ақжайық аудандық филиалының төрағасы:
-Тұрғындар тарапынан үнемі осы мәселе көтеріліп жүрді. Индерге дейін 5 км қырылмайды, тегістелмейді, аршылмайды деген сияқты. Қазір сұрап жатқан мәселеміз теңгерімге алу, қыру, тегістеу, күтіп-ұстау жұмыстарын уақтылы жүргізу.

Біз осы сапарға шыққанда су Индерге кіреберіс жолды жиектеп тұрған еді. Артынша көлік қатынасы үзілгені туралы хабар жетті. Енді сол жағалаудағы тұрғындар аудан орталығына бару үшін не Орал арқылы, немесе Атыраудан 80 шақырым жердегі Махамбет кенті арқылы айналады. Арақашықтық 2-3 есе ұзарады. Мәселен, Базартөбе мен Чапаев арасы тіке жолмен 120 шақырым болса, Орал айналғанда 365 шақырымға шығады. Атырау жақ одан да қашық. Сай-саланың кебуіне уақыт керектігін ескерсек, қалқымалы көпір мен паромның қашан берілері белгісіз. Тығырықтан шығу жолы — Чапаев ауылы тұсынан көпір салу.

Әлия Қабенова, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
-Жоба-сметалық құжат жасадық. 33 млрд сомаға шықты. Біздер оны 5-6 жыл комитетке ұсынып келе жатырмыз бюджеттік ұсыным. Өйткені облыстық бюджет көтере алмайды. Бірақ ешқандай қолдау болған жоқ. Бүгінгі күні жоба-смета ескіріп кеткен. Енді корректировка жасау керек.

Ақжайық ауданында 42 елді мекен болса, соның 14-і Жайықтың Бұқар бетінде орналасқан. Арғы беттегі ауылдар халқы көлік қатынасы жақсарғанын қалайды.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев