Жұмыссыздар су тасқыны болған өңірлерде табыс таба алады
Жұмыссыз жүрген қазақстандықтар су тасқыны болған өңірлерге барып, табыс таба алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске қосқан «Бірге салайық!» жобасының аясында оған тіркелген үміткерлер тасқыннан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйді, инфрақұрылымды жөндеуге немесе жаңасын салу үшін түрлі жұмысшы ретінде жалдана алады. Ол үшін электронды еңбек биржасындағы бос орындарды қарау керек. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында қазір дәнекерлеуші, электр маманы, ағаш шебері, инженер жобалаушы, құрылыс жұмыстарының басшысы секілді мамандар жетіспей жатыр.
Серік Тоқымбетов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
-Қазір Солтүстік Қазақстан облысы бойынша құрылыс компаниялары 20-дан астам жұмыс орнын ұсынып отыр. Орташа жалақы 170 пен 300 мың теңге аралығында. Электронды еңбек биржасы күн сайын жаңартылады.