Хабар телеарнасы

Қарағандылықтар ұлттық мерекені ұлықтады

Қарағандыда үш мың адам ту тұғырының жанында еліміздің әнұранын шырқады. Кеншілер қаласының тұрғындары ұлттық мерекені осылайша ұлықтады. Салтанатты іс-шара өнерпаздардың концертіне ұласты.

Қарағандыдағы бас Ту тұғырдың маңына таңнан 3 мың адам жиналды. Қоғам белсенділері, жастар, мемлекеттік қызметшілер әнұранды шырқап, көк байрағымыз көкке көтерілді. Облыс әкімі өңір халқын ұлттық мерекемен құт­тықтап, 1990 жылы 25 қазан­да қабылданған Егемендік тура­лы декларацияның тарихи маңы­зына тоқталды.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

-Ортақ мақсат, бір мүддеге сай әрекет етсек, республикамыздың келешегі кемел, болашағы жарқын. Ендеше егемендігіміздің қадірін түсініп, тәуелсіздігімізді нығайтуға атсалысайық.

Мерекені айшықтай түсу мақсатында салтанатты іс-шара барысында еріктілер қала тұрғындары мен қонақтарына жалаушалар таратып, құттықтау челлендждерін ұйымдастырды. Жиналғандардың дені - жастар.

Гүлназ Амантай, қала тұрғыны:

-Осы шараның біз үшін қосатын үлесі жастар арасындағы рухты, патриоттық сезімді ояту болып келеді. Бізге осындай тулар таратты. Бір мезетте барлығымыз Әнұранды шырқаған кезде патриоттық сезімді оятқан болатын.

Бектас Жұман, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті Студенттер үйінің директоры:

-Республика күнінің біздің еліміз үшін алатын орны ерекше. Жалпы бұл шараның мақсаты – жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, олардың патриоттық болмысын қалыптастыру.

Салтанатты іс-шара өнерпаздардың концертіне ұласты. Дәл осындай ту көтеру рәсімі өңірдің барлық қала, аудандарында өтті.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар