Хабар телеарнасы

Жастарды жаман әдеттерден қалай қорғаймыз?

Қазір қоғамда лудомания мен синтетикалық есірткі белең алып барады. Әлімжеттік те бар. Сондықтан мектеп оқушыларымен алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Осыны ескерген Астана қаласындағы «Білім-инновация» лицейі депутаттар, ата-аналар мен балалардың басын қосып, форум өткізді.

Бұл жиынға Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан бес кеселмен күрес тақырыбы арқау болды. Ол – ойынқұмарлық, синтетикалық есірткі, буллинг, вандализм мен тұрмыстық зорлық-зомбылық.

Бүгінде мұның ешбірі балаларды айналып өтпейді. Мектеп басшылығы: «Аталған кеселдердің алдын алу күн тәртібінен түскен емес», - деп отыр.

Руслан Сиқымбеков, лицей директоры:
- Ұлттық құрылтайдағы берілген консепцияға байланысты сол жердегі бес кесел, құндылықтарды алып, соны жылдық жоспарымызға енгіздік. Сол бойынша түсіндіру жұмыстары, ата-аналармен осындай ашық сұхбаттар, осы саланың мамандарымен кездесулер, соны түсіндіру жұмыстары. Бүгінгі форум да сол жоспарлы жұмыстың нәтижесі.

Басқосуда сөз алған депутаттардың сөзінше, қоғамды жайлаған бұл дерттермен мемлекеттік деңгейде де күрес күшейген. Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес биыл осы тақырыпты талқылап жатса, Парламент оны заңмен реттеуге барын салып жатыр. Бірақ бұл іске ата-аналар араласпаса болмайды.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазір бұл 5 кесел бойынша 10-ға жуық заң даярланып, зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданып, жұмыс істей бастады. Қалғандары бойынша қазір Парламент  қабырғасында талқыланып жатыр. Мәселе заңды қабылдауда ғана емес. Әрине, заңмен шектеу болады. Бірақ ол заңмен шектеу мүмкіндігі бәрібір де әлсіз. Сондықтан біз балалардың санасын бала кезден әзірлеуіміз керек.

«Сондықтан ата-аналармен осындай кездесулерді жиі ұйымдастыру керек», - дейді, депутаттар. Себебі күні-түні ғаламторға байланған бала әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан түрлі жамандықтың құрбаны болуы ғажап емес. Ал олардың алдын ала білсек, болашағымыз жарқын болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз. Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе.

Дамир Берікұлы, Қоблан Өтегенов