Хабар телеарнасы

Жолда жүру ережелеріне өзгеріс 6 мамырда күшіне енді

Бүгін елдің бас жол полицейі полиция қандай жағдайда тек ескертумен шектелетінін мәлімдеді. Ереже бұзу деңгейі бойынша не ескерту беріледі, не айыппұл салынады. Қайсар Сұлтанбаев атап өткендей жыл басынан бері 6 мың жол көлік оқиғасы тіркеліп, 542 адам қаза тапқан. 7 мыңнан астам азамат жарақат алыпты. Жол апаттарының 84% елді мекендерде болған. Ал қалааралық жолдардағы инфрақұрылымның жақсаруы апат пен өлімнің азаюына сеп. Алайда 1-ші санаттағы күре жолдар елдегі 148 мың шақырым жолдың 2% ғана құрайды. Тағы бір мәселе - жүргізуші куәлігіне емтихан қабылдайтын халыққа қызмет көрсету орындарындағы жемқорлық. Құқыққорғау органдары жаңа заңда оған қарсы шара енгізгендерін айтады.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
-Спеццондардағы қызметкерлердің бүгінгі деңгейін мемлекеттік қызметшілерге теңестіру, ол осы заңда қарастырылған. Сондықтан келешекте ол қызметкерлердің санаты мемлекет қызметкерлеріне теңеседі және олардың осы жемқорлыққа қарсы күрес заңына байланысты жауапкершілігі де артады.