Хабар телеарнасы

Ұлытау облысындағы сәбилер өліміне не себеп?

Өткен 4 айда Ұлытау облысында 12 сәби шетінеген. Дәрігерлер оның себебін нәрестелерден анықталған аурумен байланыстырып отыр. Алайда ата-аналардың да айтары бар. Баласынан айырылған кей отбасы «сәбиінің өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды», — дейді. Жалпы өңірде ана мен бала өлімі жыл санап азайып келеді. Дегенмен халық саны 200 мыңнан сәл асатын облыс үшін мұның өзі төмен көрсеткіш емес.

Туғанына ай толмай жатып шетінеп кеткен Айтөренің әпкесі Нұргүл Талғатбекова інісінің өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды дейді. Оның айтуынша жеңгесінің жүктілік кезеңі қалыпты өткен. Перзентханадан сап-сау шыққан нәрестеден 2 аптадан соң жөтел байқалып, учаскелік дәрігердің нұсқауымен 5 күн бойы үйде ем қабылдаған. Ақыры ауру асқынған соң, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, сол жерде қайтыс болған.

Нұргүл Талғатбекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
-Телемедицина қайтыс болатын күні таңертең ғана жүргізілді. Телемедицинаның өзінде дозаның көп екенін айтты. Өте кеш хабарласқанын айтты. Бұл жерде біз нақты дәрігерлердің салғырттығынан деп көріп отырмыз.

Нұргүл Талғатбекова «сәбиге диагноз дұрыс қойылмаған, жөтелге шалдыққан баланы бірнеше күн үйде ем алуға мәжбүрледі» дейді. Сондықтан кінәліні анықтау үшін құқыққорғау органдарына шағымдануға бел байлаған. Қазір аталған іс бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің сапаны бақылау комитеті тексеріс жүргізіп жатыр. Полиция департаменті де қылмыстық іс қозғаған.

Еркебұлан Бейсембаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Ол бала туралы әлі медициналық сараптама дайын емес. 1 айға жуық уақытта дайын болады. Шешімі шыққаннан кейін егер де ол жерде дәрігердің кінәсі толық дәлелденетін болса міндетті түрде тиісті шара қолданылады деп ойлаймын.

Облыс өңірлер арасында бала өлімі бойынша 17-орында. Өткен 4 айда өмірге келген 1160 нәрестенің 12-сі қайтыс болған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде 19 сәби шетінеген еді. Бір жылда көрсеткіш 36% төмендеген. Денсаулық сақтау басқармасының маманы сәбилердің өліміне сеп болған бірнеше факторды атады.

Еркебұлан Бейсембаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Барлық мамандар бізде бар. Бірақ бізде олар аз. Себебін сұрап жатсыз ғой, себебі жаңағы кадр тапшылығы. Дәрігердің де кінәлары болуы мүмкін. Медициналық ұйымға кеш келгенінің себептері де бар бірнеше жағдайлар бойынша
және де туа біткен ақаулар. Мерзімінен ерте босанып қалу.

Былтыр облысқа өзге өңірлерден 19 дәрігер қоныс аударған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Оған жергілікті қазынадан 150 млн теңге бөлініп отыр. Әр маманға 8 млн теңге қаржылай көмек және баспана беріледі. Бұдан бөлек Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан медицина мекемелерін қажетті құралдармен қамту шаралары жүріп жатыр. Жоспар бойынша келер жылы облыс орталығында заманауи перзентхананың құрылысы басталуы тиіс.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Нұрбол Үздікбаев