Хабар телеарнасы

Қостанай облысында құрылыс қарқын алды

Арқалықта тасқын судан зардап шеккендерге бесқабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр.

Үш бөлмелі 50 пәтерге табиғи апаттан зардап шеккен облыстың оңтүстік аудандарының тұрғындары қоныстанады. Еліміздегі ірі құрылыс компаниясы тұрғызып жатқан бұл үй соңғы технологиямен салынбақ.  Екі кіреберісінде жеделсаты, бейнедомофон, адамның бет жүзін анықтайтын face ID орнатылады.

Ал Рудный қаласында кезекте тұрған 21 шаңырақ баспаналы болды. Көпқабатты жаңа тұрғын үйден пәтер кілтін алғандар қатарында халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері, көпбалалы отбасылар және балалар үйінің түлектері бар.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, кеншілер қаласында жыл аяғына дейін тағы 6 тұрғын үй кешені қолданысқа беріледі.

Гүлжазира Ерназарова, қала тұрғыны:

- Мен осы қуанышымды 15 жыл күттім. Көпбалалы анамын. Аллаға мың да бір шүкірлігімді айтамын. Және де осы жоғарыдағы Қостанай әкімдігіне және осы Рудныйдың әкімдігіне осы үйді алуға атсалысқан ағаларымызға, баршасына үлкен алғысымды білдіремін. 15 жыл күттім. Өте қуаныштымын. Қалай жеткізерімді білмей тұрмын.