Хабар телеарнасы

Атырау мұнай өңдеу зауытында су тазарту қондырғысы іске қосылады

Атырау мұнай өңдеу зауытында су тазарту қондырғысын іске қосудың алғашқы кезеңі сәтті аяқталды. Қондырғы сағатына 1 мың текше метр қалдық суды тазарта алады.

Бұған дейін су жинайтын бассейннің мұнай қалдықтарымен ластанып жатқаны жөнінде экологтар дабыл қаққан еді. Енді зауыттан шыққан қалдық су 70%-ке дейін тазартылып, екінші мәрте пайдаланылады.

Жоба толық жүзеге асқаннан кейін өндіріске Жайықтан алынатын судың жылдық көлемі 8-ден 5 млн текше метрге дейін азаймақ. Қазірдің өзінде тазартылған жасанды көлге қаз-үйректер қона бастаған.

Нұрлан Ещанов, зауыттың қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

- Мұнда түрлі тіршілік иелері мекендейді. Құстардың түрі: оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген аққулар, қоқиқаздар ұя салуға ұшып келді. Сонымен қатар су ресурстарын үнемді, тиімді пайдалану мақсатында зауыт ағынды суларды қосымша тазарту қондырғысын салуды жоспарлауда.