Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады
Энергетика министрі сондай-ақ елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу көзделіп отырғанын айтты. Жоспар бойынша оның құрылысы 2030 жылдан кейін басталады. Кәсіпорындарды шикізатпен қамту және қара алтын экспортын ұлғайту үшін барлау жұмыстары күшейтілмек. Өйткені қазіргі жұмыс істеп тұрған кен орындары 10-15 жылда сарқылуы мүмкін.
Мұнай – біздің негізгі табыс көзіміз. Сондықтан да болар саланың болашағына алаңдаушылық білдіріп, сөз сұраған депутаттар көп болды. Басты мәселенің бірі – біз қазір Қаныш Сәтбаевтың кезінде табылған кендердің игілігін көріп отырмыз. Оның қоры енді 10-15 жылда сарқыла бастайды. Жаңа орындарды барлауға көңіл бөлу қажет.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Отызыншы жылға дейін жер қойнауын барлауға 5 млрд доллар инвестиция салынады. Бұл 2040 жылға қарай 11 млн тонна мұнай өндіруді қамтамасыз етеді.
Алдағы жылдарға министрдің жоспары ауқымды. Төртінші мұнай өңдеу зауытын салу да межеленіп отыр. Депутаттар жобаның мерзімін сынға алды.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сіз өз баяндамаңызда 2030 жылы құрылыс басталып, 2040 жылдары аяқталатынын айттыңыз. 10 жыл көп емес пе? Біз атом электр станциясын салғалы тұрған жоқпыз. Неліктен ұзақ? 2000 жылы айттық. 2005 жылы саламыз, - деді. Сосын 2010 жылы саламыз деп бәрін кейінге шегеріп жатырмыз ба?
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- 2030 жылдан 2040 жылға дейін зауыт салынуы керек, - деп айтамыз. Бұл – диапазон. Бірақ біз оны 10 жыл бойы саламыз деген жоқпын. Неліктен 2030 жылдан кейін екеніне келетін болсақ? Өйткені осы уақытқа дейін жанармайға деген қажеттілік толығымен жабылады. Жаңа зауыттың құрылысы техникалық-экономикалық зерттеулерге сүйене отырып анықталады.
Жаңа зауыт іске қосылғанға дейін қазіргі қолданыстағы зауыттардың қарқынын арттыру көзделіп отыр. Мәселен, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 2030 жылға қарай 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарда.
Ал Павлодардағы кәсіпорында 2026 жылға дейін қосымша 500 мың қысқы дизель отынын өндіру межеленген. Атырау мұнай өңдеу зауыты өндірістік қуатын 5 жарым млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты тағы да 6 миллион тоннаға ұлғайтылады. Қалған үш зауытымызда да қуаттылықты арттыру бойынша бағдарламалар бар. Жалпы алғанда қазіргі көлемді шамамен 10 миллион тоннаға кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Жол құрылысы үшін аса қажетті өнім битум өндірісін арттыру да көзделген. 2032 жылы оның көлемі 2 жарым млн тоннаға жетеді. Ол үшін Ақтөбе мен Шымкентте екі зауыт салынбақ.
Ердәулет Ыбырайұылы, Аян Сәрсенбаев