Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар баспаналы болды
Оларға жаңадан салынған алғашқы 53 жер үйдің кілті табысталды. Бұл баспаналардың құрылысына «Қазақстан халқына» қоры қомақты қаржы бөлді.
Қала тұрғыны Оразғали Әлдекеевтің қуанышында шек жоқ. Ол отбасымен бірге жаңа қонысқа жайғасып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі зейнеткердің бұрынғы баспаналы суға кетіп, «апатты» деп танылған.
Оразғали Әлдекеев, қала тұрғыны:
- Президенттің сөзі далада қалған жоқ. Міне, әрбір отбасына көмек көрсетеміз деген сөзі міне, бүгін іске келіп отыр. Қандай жақсы. Міне, жұмақтай үй алып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Үйдің іші жақсы. Өте жақсы.
Осындай бақытқа көктемгі тасқыннан зардап шеккен тағы 50-ден аса отбасы кенелді. Петропавлда оларға жаңадан салынған жер үйлердің кілті табысталды. Салтанатты шара барысында тұрмыстық техника мен жиһаздарға да бір-бір сертификат берілді.
Ғауез Нұрмұхамбетов, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жаңа үйлер салынуда. Қаржы бөлген демеушілерге және тез арада баспананы тұрғызған құрылысшыларға алғыс айтамын. Жаңа үйде тек береке мен бақыт орнасын. Қоныс құтты болсын!
Бұл үйлер бес аптаның ішінде дайын болды. Әрқайсы 80 шаршы метрден. Петропавлда күзге дейін дәл осындай 700 үй бой көтереді. Қалған тұрғындарға демеушілердің көмегімен пәтер сатып алынады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Енді бұл «Бірлік» ықшамауданы деп аталады. Бұл жерде үйлерден бөлек спорт және ойын алаңдары салынды. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен 80 балаға арналған балабақша бой көтереді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков