Хабар телеарнасы

О. Бектенов СҚО-дағы тасқыннан зардап шеккендерді баспанамен қамту жұмыстарын тексерді

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды күннің суығына дейін баспанамен қамту керек. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Олжас Бектенов осылай деді. Үкімет басшысы жаңа «Бірлік» шағын ауданына барып, қоныс иелерімен кездесті. Жақында оларға алғашқы 53 баспананың кілті табысталды. Бұл жерде қазір демеушілердің көмегімен 700 үй мен балабақша салынып жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер–Министрі:
-Үй - адамның ең қамбат дүниесі. Сондықтан Президент шығынның орнын толтыру туралы тапсырма берді. Ортақ істен кәсіпкерлер де шет қалған жоқ. Ал сіздерге осындай қиын кезде шыдамдылық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын.

Бұдан кейін Премьер-Министр комбайн зауытында болды. Осы жылы кәсіпорында 500-ден аса ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылады. Олжас Бектенов егіс науқанымен де танысып, жергілікті шаруалармен кездесті. Биыл облыс бойынша 4,5 млн гектар жерге дән себіледі. Қазір дала жұмыстары аяқталып келеді.