Хабар телеарнасы

Алдағы жылдары еліміздің барлық елді мекені ауызсумен толық қамтамасыз етіледі

Алдағы жылдары еліміздің барлық елді мекені ауызсумен толық қамтамасыз етіледі. Қазір бұл көрсеткіш қалаларда 98,9%, ал ауылдарда 96,6%. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың мәлімдеуінше, биыл республикалық бюджеттен 218 млрд теңге қаралған. Оның 106 млрд теңгесі қалаларға, ал 112 млрд теңгесі ауылдарға бағытталып отыр. Яғни елді мекендерге басымдық беріледі. Себебі елде 1 мыңнан астам ауылдың халқы тіршілік нәрін тасып ішеді. «Оларды келесі жылдың соңына дейін қамтамасыз етеміз»,— дейді министр. Бірақ жұмыс баяу әрі жүйесіз. Өйткені кей жерде құбыр болғанымен, судың көзі жоқ.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Мысалы, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында осындай жағдай қалыптасып отыр. Сонымен қатар жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты өткен жылы бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдары. Ақмола облысының әкіміне аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын.