Абай облысында «Ауылға құрмет» форумы өтті
Абай облысы Ақсуат ауданындағы Қызыл кесік ауылында «Ауылға құрмет» форумы өтті. Би Боранбай атындағы орта мектепті соңғы 50 жылда бітірген түлектер жиналды. Олардың арасында ғылым, медицина, кәсіпкерлік сияқты әр салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Түлектер қала мен ауылдың, аға буын мен жас ұрпақтың арасын жалғап, ауылды дамытуды көздейді.
Асқар Нұрпейісов, «Ауылға құрмет» форумын ұйымдастыру алқасының төрағасы:
-Ауыл мен қаланың арасында алтын көпір орнату арқылы, зиялы қауым мен зиялы орта қалыптастыру арқылы мектеп оқушыларына әсер ету деген ойымыз тұр. Мәдениет пен экономика қатар дамыған кезде ғана ол ауылдың әлеуметтік жағдайы көтеріледі.