Ақтөбеде жылқы шаруашылығы институты құрылады
Қазақстанда жылқы тұқымының сапасы күрт төмендеп кеткен. Елімізде Қамбар ата түлегінің 14 түрі және 4 млн 300 мың бас жылқы болғанымен, асыл тұқымдысының үлесі 1%-дың көлемінде.
Енді бұл мәселемен Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында құрылатын жылқы шаруашылығы институты айналысады. Онда ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіліп, қазақ даласындағы жылқының ерекшеліктері сараланбақ. Тіпті жем-шөптің құрамына да үңілу көзделіп отыр.
Серік Қаржауов Қамбар ата тұқымын қалай баптауды біледі. 12 жыл бойы жылқы бағып жүрген азаматтың осы түлік түрін өсірушілерге айтар кеңесі көп. «Бастысы – үйірдегі малдың бір типті болғаны дұрыс»,- дейді. Сонда ғана оның сапасы артып, жергілікті өңірге бейімдеушілік және төзімділік қасиеті қалыптасатыны анықталған. Өзі 600 бас мұғалжар жылқысын жайып жүр.
Серік Қаржауов, жылқышы:
- Оңтүстіктен тек Тараздан келген жоқ, қалған жан-жақтан келіп алып жатыр. Сол жылына 200 бастай жылқы сатамыз. Мұның мықтылығы – қанының тазалығында. Кез келген климатқа бейімделген жылқы. Қымыздың сапасы да жақсы.
Қамбар ата түлігіне қатысты барлық мәселе енді жылқы шаруашылығы институтында қаралатын болады. Ең бастысы – түрлі типтегі жылқылардың араласуынан таза тұқымның бұзылуына тоқтау қойып, сапасын арттыру көзделіп отыр. Себебі бүгінгі күні елде бар 4 млн астам жылқының тек 1,5%-і асылтұқымды екені белгілі болған. Сондықтан институт ғалымдары ғылыми жұмыстар жүргізіп, етті-сүтті және спорттық бағыттағы мал басын нақты анықтау және ерекшелігін түзумен айналысады.
Әлібек Базарғалиев, Ақтөбе ауыл шаруашылығы стансасының басшысы:
- Осы институттың мақсаты – 30 жылда жоғалтып алғанымыздың бәрін қайтадан бір жерге жинап, асылдандырып, әрі қарай содан шыққан өнімдерді шетелге шығару.
Қалыбек Рзабаев, «Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының Республикалық палатасының» директоры:
- Бізде бұл жерде ДНК лаборатория болу керек және де біздің жылқылардың еттілігінің сапасын, құрамын тексеруіміз керек. Сүт пен қымыздың құрамын тексеруіміз керек.
Институт мамандары жем-шөп және тұқым шаруашылығына да баса мән бермек. Бұған дейін ақтөбелік ғалымдар шығарған 50-ден астам тұқым сұрпының 20-сы ел бойынша осы саладағы үлкен жетістік саналады.
«Жылқы және жем-шөп ғылыми-зерттеу институтының құрылуы – Қамбар ата тұқымын асылдандыруға оң ықпал етері анық», – дейді мамандар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков