Талдықорғанда онкологиялық орталық салынады
Емдеу мекемесі Президент тапсырмасы аясында тұрғызылмақ. Ауқымды жобаны жүзеге асыру мақсатында Жетісу облысының әкімдігі, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақмыс» холдингі үшжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
- Онкологиялық ауруларға қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Соның шеңберінде жаңа орталықты қажетті жоғары технологиялық медициналық қондырғы, жабдықтармен қамтамасыз етуге әзірміз.
«Қазақмыс» холдингі Жетісу облысында онкологиялық орталықпен қатар мыс өндіретін тау-кен байыту комбинатын салғалы жатыр. Ірі инвестициялық жоба аймақ экономикасының дамуына тың серпін бермек.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
- Алып жоба құны - 1 трлн теңге. Облыс бюджеті - 400 млрд екенін ескерсек, бұл мегақұрылыс. Аталған жоба аясында компания өз қаражатына онкологиялық орталық салып беруге келісті. Осыған орай Эдуард Викторович, сізге ризашылығымды білдіремін!
Эдуард Огай, «Қазақмыс холдингі» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:
- Біз «Қазақмыс» – әлеуметтік бағытты компаниямыз. Елімізде өз қаражатымызға салған нысандар көп. Биыл да аймақтарды су алғанда Президент ұсынысын қолдадық. 40 млрд теңге бөлдік. Онкологиялық орталық салу мәселесін де директорлар кеңесінің мүшелері бірауыздан құптады. Тау-кен байыту комбинаты мен медициналық мекеменің құрылысын қатар алып жүруге ұйғардық.
Қатерлі ісікпен күрес мемлекеттік маңызға ие. Себебі елімізде сырқаттанғандар саны артып келеді. Бір ғана Жетісу облысында 7 мыңға жуық адам обыр дертіне шалдыққан. Жаңа онкологиялық орталық науқастарға сапалы ем көрсетуге мүмкіндік береді.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов