Хабар телеарнасы

Ақтаулықтар 3 тәулік бойы сусыз отыр

Ақтауда ауызсу тапшы. Каспий жағалауындағы қалада бірнеше мөлтекаудан үшінші тәулік сусыз отыр. Теңізде су температурасының көтерілгені су тұщытатын зауыттың жұмысына кедергі келтірген көрінеді. 

Мамандар ауызсу өндіру көлемі азайғандықтан, бүгіннен бастап су қысымын кесте бойынша реттеуді қолға алғанын айтады. 23 ықшамауданды белгілі бір уақыт аралығында тіршілік нәрімен қамтудың басқа амалы бар ма? 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтауда бүгіннен бастап 16-шы мөлтекауданнан 39-шы ықшамауданға дейін ауызсу таңғы 6 мен 9 аралығында және күндізгі 12 мен 2 аралығында жоғары қысыммен беріледі. «Бұл тұрғындардың су қорын жинап алуы үшін жасалып отырған уақытша амал», - дейді мамандар.

Қысымын осылайша реттеу орталық сумен жабдықтау торабындағы резервуарларда судың деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік бермек. Қазір құбыр бойында судың аздығынан көпқабатты үйлердің жоғары қабатына көтеріле алмайды. Соның салдарынан 19 мөлтекаудандағы үш үйдің тұрғындары тіршілік нәрін даладан тасуға мәжбүр.

Дина Боқайқызы, қала тұрғыны:

- Иә, болмаса халыққа водовоз жіберсе, енді 3 күн деген ұзақ уақыт қой. Бір жер бұзылған жағдайда күн мен түн жасап, күн жарым уақытта бәрін қалыпқа келтіруі мүмкін деп ойлаймын.

22 ықшамауданда да ауызсу тапшылығы туындап отыр. Жылыту маусымы аяқталған сәуірден бері Ақтауда ыстық су жоқ. Себебі қаланың төменгі бөлігінде жылу құбырлары ауыстырылып жатыр.

Ислам Үсенов, коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:

- Енді қазіргі уақытта су жинап жатырмыз. Шамамен сағат 19:00-де судың қысымын көтеріп бастаймыз. 19-шы шағынаудандағы 26, 27, 28-ші үйлерге водовозды қойған қызмет көрсетуші тарапынан. Жаңа хабарластым.

Ұлықбек Тінәлиев, қала әкімі:

- Біздегі судың жетіспеушілігі 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шешілуі керек. Бірақ осы жылы судың жетіспеушілігін азайту мақсатында қазір осы бір айдың шеңберінде тамызда ашылатын қосымша қондырғыларды тез арада қосуға қажетті мамандарды жұмылдырып, қазір соған жұмыстанып отырмыз.

Әкімнің айтуынша, Каспий су тұщыту зауытын модернизациялау жыл соңында аяқталады. Ал МАЭК-тегі қуаты 6 мың текше метрлік су қондырғысын осы айда іске қосу жоспарлан. Сондай-ақ тәулігіне 4 мың текше метр су өндіретін тағы бір қондырғы өз жұмысын бастауы тиіс. Кері осмос арқылы 24 мың текше метр су тұщытуға қауқарлы қондырғысы бар станцияны 2025 жылы сынақтан өткізу күн тәртібінде тұр. Осылайша өзекті мәселе түбегейлі шешілмек.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев