Қатонқарағай ұлттық паркінің аумағы тазартылды. Өңір жаңалықтары
Еліміздегі ең ірі - Қатонқарағай ұлттық паркінің аумағында да тазартылды. Қызметкерлер таулы қыратты аймаққа қарамастан, ну орман ішіндегі шіріген, қураған бұтақтарды жинады. Бұған 150-ге жуық маман жұмылдырылған. Нәтижесінде орман арасымен өтетін 10-даған шақырым жол аршылды.
Қызылордада «Таза бейсенбі» акциясы өтті. «AMANAT» партиясының мүшелері мен Ұлттық сараптама орталығының қызметкерлері Батырхан Шөкенов атындағы саябақты тазалады. Тазалық науқанына студенттер де атсалысты. Демалыс орнындағы қоқыстар шығарылып, арықтар аршылды.
Түркістан облысында бопсалаумен айналысқан 2 блогер ұсталды. Күдіктілер Сайрам аудандағы бір мектеп директорынан іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әлеуметтік желідегі жарияланымды жою үшін 100 мың теңге талап еткен. Тергеу барысында олардың ұзақ уақыт бойы түрлі ұйым басшыларын бопсалаумен айналысқаны анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, күдіктілер 2 айға қамауға алынды.
Ақтөбеде медицина қызметкерлеріне арналған симуляция орталығы ашылды. Енді мұнда халықаралық стандартқа сай шұғыл көмек көрсетудің әдіс-тәсілдері үйретіледі. Алдымен жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері, дәрігерлер, тіпті көлік жүргізушілері оқытылады. Оларға халықаралық тәжірибені меңгерген мамандар дәріс береді.
Қонаев қаласында белгілі ғалым Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының 30 жылдығына арналған саммит өтті. Аталған іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолиядан да меймандар келді. Олар қазақ ғалымы енгізген тың әдіске қызығушылық танытып отыр.