Елімізде күн сайын теледидарды 3 млн 600 мыңға жуық адам көреді
Орташа есеппен әр тұрғын тәулігіне үш сағат теледидар қарайды. Әлемдік статистика бойынша бұл үлкен көрсеткіш. Бұл туралы Алматыда өткен конференцияда айтылды. Сондай-ақ телевизия нарығын дамытудың бизнес нұсқалары зерделенді. Мысалы, мемлекеттік телеарналар бағдарлама жасаудың дәстүрлі қалпынан шығып, стримингтік жүйесін қолдануына болады. Былтыр еліміздегі digital жарнаманың көлемі 45% жетіпті. Бұл телеарнадағы жарнамадан 10% артық. Қазақстан медиа нарығында сапалы жарнама жасау жағы әлі тиісті дәрежеде емес. Дегенмен телефонға телмірген аудитория ғаламтор арқылы телевизиялық бағдарламаларды жиі көреді екен.
Кемелбек Ойшыбаев, Ұлттық медиақауымдастықтың жетекшісі, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
-Телеарналар ең сенімді ақпарат көздерінің бірі саналады. Салыстырған кезде соңғы мәліметтер бойынша 50% теледидар қарайтын көреремен телеарна ақпаратына сенеді. Ал интернетті қарайтын болсақ екі есе аз, 20-25% интернеттің ақпараттарына сенім білдіреді. Дегенмен енді телевидение ең басты сенімді ақпарат болып қала бергенімен, біздер ол жағын қалай арттырамыз деген сұрақтарды да көтеріп жатырмыз.