Хабар телеарнасы

Қызылордада «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысқа кірісті

Қызылордада «Жасыл ел» еңбек жасағы жаз бойы қоршаған ортаны көркейтуге атсалысады. Оның құрамындағы тоғыз бригадаға екі мыңға жуық адам тіркелген. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға Байқоңыр қаласының жастары да қатысады. Биыл бұл жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 144 миллион теңге бөлінді. Әр қатысушыға ай сайын 100 мың теңге еңбекақы төленеді. Айта кетейік, өткен жылы «Жасыл ел жауынгерлері» 87 саябақ, аллеялар мен гүлзарларды тазалап, он мың тоннадан астам қоқыс шығарды.

Әбдіреш Ақлен, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі:

- Жасөспірімдер үшін бұл жазғы демалыстың, біріншіден, жақсы өткізілуіне және пайдалы өткізілуіне өте үлкен үлес қосады. Және бұл, менің ойымша, бір оқпен екі қоянды ату деп білемін. Яғни адамның өзіне де, сонымен қатар өзінің туып өскен еліне де үлкен пайда әкелетін нәрсе.

Артур Қамбаров, Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы облыс көлемінде 16 мен 35 жас аралығындағы жастар, оның ішінде оқушыларымыз бар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары бар, жұмыссыз жастар бар, НИТ санатындағы жастар деп жатамыз. Негізгі құрамы солардан жасақталатын болады.