Хабар телеарнасы

Қостанай облысында тасқыннан зақымданған 72 үй жөнделді

Қостанай облысының Алтынсарин ауылында тасқыннан зақымданған 72 үйді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. 37 баспана әкімдіктің көмегімен қалпына келтірілді. Қалған үй иелері өз күшімізбен атқарамыз деп шешіпті. Олардың барлығына техникалық сараптама қорытындысына сәйкес қаржы бөлінді.

Мердігер жұмыс ауқымын аяқтағаннан кейін үй иесі қабылдап алып, ешқандай реніш-талабы жоқтығын айғақтайтын қолхат жазады. Тек сосын смета бойынша мердігер ақысы төленеді. Баспанасын өз күшімен жөндеуге бел буғандар да есеп беруге міндетті.

Маржан Досқалиева, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

- Өз бетімен жөндейміз деп ақша алғандар бекітілген жұмыс ауқымын атқарып шығуға міндетті. Және 6 айдың ішінде қаржы өз мақсатында жұмсалғанын дәлелдеп, есеп беруі қажет. Ол құжат алдағы уақытта тексеру үшін әкімдікте сақталатын болады. Әр үйді жөндеуге шамамен 5,5-6 млн теңге бөлініп отыр.