Шетпе ауылы маңындағы тас карьерлері заң талаптарын бұзып жатыр
Маңғыстаудың Шетпе ауылы маңында 29 құм, тас карьері бар. Қазір 8-і жұмыс істеп тұр. Тас жару, құрылыс материалын тасымалдау кезінде шаң көтеріліп, ауаны ластайды. Тұрғындардың бұл мәселені көтеріп жүргеніне 20 жылға жуықтады. Енді жергілікті билік карьерлерге бейнекамера орнатып, заң талабын бұзғандарды анықтайды.
Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, бұған дейін 4 карьердің қызметі тоқтатылып, 9 жер қойнауын пайдаланушыға айыппұл салынған. Сондай-ақ 5 серіктестіктің лицензиясы қайтарылды.
Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
- Біздің экология департаментіміз осы жерде біраз тексерістерді өткізген. 30 млн теңге айыппұл салынған. Бірақ халықпен кездесу кезінде олардан ұсыныс алып, сол бойынша біздің жұмыс істегеніміз жөн деп санаймын. Сонымен бірге суға қатысты сұрақ көтерілді. Карьерлердің басшылары артезиан суын алып, технологиялық процеске жіберіп жатыр. Енді соның заңдылығын біз қарап, мәліметті береміз.