Петропавлда тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды
Петропавлда көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың тағы бір легі баспаналы болды. «Бірлік» шағынауданында 47 үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысып, қоныс иелерін құттықтады.
«Бірлік» шағынауданындағы жаңа үйлердің біреуі Ғалия Хамзинаға бұйырды. Көктемгі тасқыннан кейін оның үйі апатты деп танылып, тұруға жарамай қалды. Сол сәтте бір жылаған әйел тағы да көзіне жас алды. Бұл жолы қуаныштан...
Ғалия Хамзина, қала тұрғыны:
- Біздің үй кішкентай болып еді. Міне, үлкен үй берді. Енді осы үйде жақсы той-думан болып, үйлері әдемі, бүкілі бар. Жиһаз бүкілі жақсы. Жылағым келіп тұр қуанышымнан. Көп-көп рақмет!
«Бірлік» шағынауданында дайын болған үйлердің екінші легі тапсырылды. Осылайша су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға барлығы 100 баспана берілді. Енді бұзылған инфроқұрылым қалпына келтіріледі.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Біраз жолдар қиратылды. Электр торабына зиян келтірілген. Соның бәрін мәселесін жөндеуге қазір жергілікті билік тиісті құжаттарды әзірлеп, келесі аптада тиісті министрлікке жібереді. Екі аптаның ішінде керек болған қаражатты аударатын боламыз.
Жалпы облыс бойынша 4 мыңға жуық үйді су астында қалды. Қазір зардап шеккен тұрғындарға үймен бірге пәтерлер сатып алынып жатыр. Әзірге қор есебінен 300-ге жуық келісімшарт жасалды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- «Бірлік» шағынауданында көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға тағы 600 үй салынып жатыр. Олар күздің алғашқы суығы түскенше, яғни қазан айына дейін тапсырылуы тиіс.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков