«Ауыл аманаты» бағдарламасына өтінім беру жеңілдейді
Енді ауыл тұрғындары табысты арттыру үшін кәсібін ашуға өтінішті аудан мен қалаға сабылмай, онлайн бере алады. Несиелеудің жаңа ақпараттық жүйесі Үкіметте таныстырылды. Ал Мәжілісте жалпы осы бағдарламаның іске асу барысы талқыланды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі баяндағандай, биыл бұл жобаға 100 млрд теңге қарастырылып, 2,5%-пен 16,7 мың несие беру көзделген. Бұл шаралар 17 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік беруі тиіс. Дегенмен депутаттар ағымдағы жылға қаражаттың әлі бөлінбегенін, ауылдағы ағайын ендігі ақшасын алып, ісін бастап кетуі тиіс еді, – деп уәж айтты.
Вице-министр бұл жайды тасқынға байланысты қаражат бөлудегі өзгерістермен түсіндірді және Қаржы министрлігі шілдеден бастап бұл шаруаны шешіп беретінін атап өтті. «Скрининг жасалып, барлық өңірдің ерекшеліктері мен қажеттіліктері талданды, енді қаражат оңды-солды таратылмайды»,- деді Тасжүреков.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Былтырғы жылға қарағанда, биылғы жылда әр өңір бізге нақты мақсатымен шықты. Нақты жобалармен. Әр аудан, әр ауылдық округ өзінің жобасын жасайды. 3 жылдың ішінде 5 жылдың ішінде, қысқамерзімде қалай дамитынын. Қай жобаларды сол «Ауыл аманаты» бағдарламасының шеңберінде іске асыруға дайын екенін бізге дәлелдеп көрсетеді. Сол сұраныстар бойынша қаражат берілетін болады.