Хабар телеарнасы

Астанада ШЫҰ Жастар кеңесінің отырысы өтті

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің 17-ші отырысы өтті. Іс-шара Шанхай ынтымақтастық ұйымы Мемлекет басшыларының Астана саммиті қарсаңында ұйымдастырылған. Оған 10 мемлекеттен 150-ден астам делегат келді. Жастар экология мәселесін талқылып, ол туралы ойларын ортаға салды. Бұл тақырып биыл тіпті өзекті болып тұр.  

Мәселен, Үндістанда әдеттен тыс аптап ыстық орнады. Қытайдың кейбір провинциясында нөсер жаңбыр жауып, дауыл соқты. Ресей мен Қазақстанды су тасқыны әбігерге салды. Мамандардың айтуынша, бұл соңғы 80 жылда болмаған ірі табиғи апат.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымының кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы керек. Осындай жиындарда сіздердің тараптарыңыздан экологиялық сын-қатерлерді еңсеру бойынша тың әрі батыл шешімдер ұсынылатынына сенімдімін.