Банкроттыққа өтінім беретін азаматтарға қойылатын талап жеңілдеді
Банкроттыққа өтінім беретін азаматтарға қойылатын талап жеңілдеді. Мұны Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты. Енді азаматтарға борышты реттеу туралы, борыштың нақты сомасы, сондай-ақ кредитордың атауы жөнінде ақпарат ұсыну талап етілмейді.
Сондай-ақ енді тізімде жоқ кредиторлардан алған қарызы бар азаматтар да төлем қабілетін қалпына келтіруге өтінім бере алады. Және банкроттыққа арыз жазу үшін 12 ай бойы ешқандай төлем болмауы керек деген талап та жеңілдеді.
Елімізде 725 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның 58%-і еңбекке жарамды. Дегенмен олардың мүддесі әлі де толыққанды қорғалмай отыр. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Сондықтан 2025 жылға дейін мүгедектігі бар жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар іске асуда. Соған сәйкес биылдың өзінде жәрдемақы көлемі 7% өсті. Бүгінде 541 мыңнан астам мүгедектігі бар адам орта есеппен 74 мың теңге алады.
Денсаулық сақтау жүйесіне көңілі толмайтындар көп. Халықаралық зерттеу нәтижесі осындай. Әлемнің 23 елінде жүргізілген онлайн сауалнамаға 46 мың респондент қатысқан. Біздің елде 2 мыңнан астам адамның 67%-і ұлттық медицина деңгейіне төмен баға берген. Көбі ұйымдастыру және үйлестіру жұмысына разы емес. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы дәстүрлі медицинаға сенеді. Және «Дәрігер дұрыс кеңес беріп, көмек көрсете алады» деген пікірде.