21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға болмайды
Сенат депутаттары тиісті заңды мақұлдады. Еркін сатылатындықтан зиянды сусындарды 11-15 жастағы жасөспірімдердің 20%-ке жуығы тұрақты тұтынатын болған. «Кесірінен олардың арасында артық салмақ, денсаулыққа қатысты өзге де мәселелер туындайды», - дейді дәрігерлер.
Енді заң жүзінде оның сатылымына белгілі шектеу енгізілді. Тіпті арнайы автоматтар мен механикалық аппараттарда да энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу көзделген. Бұл талапты орындамағандар жауапқа тартылады.
Жандос Бүркітбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Енді Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар процедураны өтті. Оны Ұлттық экономика министрлігіне жіберді. Егер дұрыс шешім қабылданса, келесі жылдың 1 қаңтарында осы заңнама іске асырылады.
Сенаторлар сонымен қатар адам саудасына қарсы заңды мақұлдады. Өзгерістерге сәйкес адамды құлдыққа салу, құлдыққа сатуға қатысы бар қылмыскер үшін жаза күшейеді. Елімізде жыл сайын орта есеппен 150-ге жуық осындай қылмыс тіркеледі. Бұл деректі Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Құжатта шетелде адам саудасының құрбаны болған Қазақстан азаматтарына жәрдемдесу туралы нормалар да қамтылған.
Сондай-ақ Палатаның осы сессиядағы жұмысы қорытындыланды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Парламент екінші сессияда 102 заң қабылдады. Олардың үштен біріне депутаттық корпус бастамашы болғанын атап өткен жөн. Палатаның қарауына келіп түскен заңдар шешім қабылдар алдында мәслихат депутаттарымен және сарапшылармен бірге талқыланып, жан-жақты зерделеніп отырды.